Тұрғындардың тарапынан түскен арыз-шағымнан кейін халық арасында «автоЦОН» аталып кеткен Ақтау қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жағдайды жақсартуға уәде берді. Өзінің шағымын келуші БАҚ бетіне жариялап жіберген. Ұзыннан-ұзақ шұбалған кезекте неге 4 сағатқа жуық тұруға мәжбүр екенін сұраған келушіге аға кезекші маман «жалақының аздығынан қызметкерлер жетіспейді, ешкім 60 мың теңге үшін жұмыс жасағысы келмейді» деп жауап беріпті.
Енді мәселені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті өз бақылауына алды.
Департамент басшысы Н.Жанназарова, ІІД бастығының орынбасары Б.Нысанбаев және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Е.Байжігіттің қатысуымен аталған бөлімде тексеру жүргізді. Тексеру барысында департамент басшысы Н.Жанназарова халықпен пікір алмасып, ХҚКО басшылығына көлік құжатын рәсімдеу, жүргуші куәлігін алу сияқты мемлекеттік қызметттерді көрсетудің уақытын барынша азайтуға ұсыныс берді.
«ӨҚКО басшылығы кезектің көптігін бағдарламадағы ақаулармен байланыстырып отыр. Тексеру нәтижесінде күту залындағы орындықтар мен кезек ретін көрсететін электронды табло мониторлары артты. Кезек болмауы үшін ауысым қызметкерлері қосымша жұмысқа тартылып, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен банкоматтары ашылмақ», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ департамент келушілер үшін жайлы жағдай жасау үшін ғимаратқа жөндеу жүргізу туралы да ұсыныс енгізбек.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Департаменттің баспасөз қызметі ұсынды