©
Кеше Маңғыстауда облыс аумағын жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтитын маңызды құжатқа қол қойылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың «Жол картасы» ауылдық елді мекендердегі инфокоммуникациялық инфрақұрылымдарды жаңғыртуды көздейді. Оған Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қол қойды.
Бүгінде Маңғыстау облысының 61 ауылының 34-і талшықты-оптикалық желіге қосылған. «Жол картасына» сәйкес, 2018-2019 жылдар аралығында 16 ауылға, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы бойынша 6 ауылға талшықты-оптикалық желі байланысын жүргізу жоспарланып отыр.
Осы ауылдық елді мекендерде LTE 800 технологиясы бойынша 4G жаңа буынды сымсыз желісін салу жоспарланып отыр. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, талшықты-оптикалық желіні кеңейту ауыл тұрғындарын цифрлық қызметпен, кең жолақты интернетпен және ұялы байланыспен қамтып, мемлекеттік мекемелерді бірыңғай корпоративтік желіге біріктіреді. Бұл - «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі.
«Қазір біздің алдымызда облыстағы барлық білім беру және денсаулық сақтау объекьтілерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту міндеті тұр. Маңғыстаудағы мектептердің 55%-ы, медициналық мекемелердің 8%-ы жылдамдығы 10 Мбит/с интернетке қосылған. Жыл соңына дейін «Қазақтелеком» АҚ бірлесе отырып Маңғыстаудағы 134 мектеп пен 111 медициналық ұйымды жылдам интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл білім және дленсаулық саласындағы цифрландыру жобаларын іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Айта кетерлігі, Маңғыстауда «Ақылды қала» пилоттық жобасы қолға алынды. Бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ жыл соңына дейін Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қоспақ.
«Маңғыстау қолға алынған қызықты жобалардың бірі «Цифрлы аудандар». Бұл жоба аясында Бейнеу және Қарақия аудандары цифрлық қызметтермен қамтылады. Біздің кеңжолақты жылдам интернет желісімен қамту деңгейін 100 үйге шаққанда республикалық орташа деңгей 29%-дан 60%-ға дейін жеткізбекпіз», – деді. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ