Бүгін 12 шілдеде Қазақстандағы ең алғашқы «Ақылды үй» таныстырылды. Ақтау қаласының 15 шағынаудандағы № 35 үй күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктермен қамтылған. «Ақылды үй» инновациялық өнімінің таныстырылымы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің қатысуымен өтті.
Бұл өнім нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«Ақылды үй» сымсыз бейнекамерамен, қозғалыс тетігі, есіктер мен терезені ашу тетіктерімен жабдықталған. Тетіктер қозғалысты, есік пен терезенің ашылуын, түтінді лезде байқап, бейнекамера өзгерістерді бірден суретке түсіріп, үй иесіне жібереді. Қандай да бір қиындық болған жағдайда смартфонға орнатылған қосымша арқылы үй иесіне хабар беріледі. Жабдықты өтінім бойынша «Қазақтелеком» АҚ әкеліп 40 минут ішінде орнатып береді.
Мамандар 35 үйдің тұрғындарының «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосылып, үйде және оның жанында болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы телефоннан не компьютерден бақылай алатынын айтады.
Жобаның ерекшелігі: сурет сапалы, үйге кірген адамның түрін дәл көрсетеді және архивтегі бейнежазба 7 күнге дейін сақталады. Подъезге бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады, олар кіреберіс пен ауланы түсіреді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақтелеком» АҚ биыл Ақтау, Жаңаөзен қалаларында 250 үйге 1 650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметімен қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның тағы бір жаңа өнімі – «Ақылды ТКШ» қызметімен таныстырды. Бұл тетік күн сайын пайдаланылған су, газ, электр энергиясы немесе жылудың көлемі туралы ресурстық компанияға хабар беріп отырады. «Ақылды ТКШ» ресурстардың нақты қанша пайдаланылғанын, апаттық жағдайлар кезінде қандай көлемде рәсуа болғаны немесе ұрланғаны туралы ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім ресурстық компаниялардың түйткілді мәселелерін анықтауға және оларды жоюға да ықпал етпек.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ