Бүгін қазақтың батыры, өз заманында Абылай мен Әбілқайыр ханның сенімді серігі, таңдаулы сардары бола білген Шотан Назарұлы жайында деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Тұсаукесерден бұрын Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифингте фильм туралы кеңінен айтылды. Брифингке Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, «Шотан батыр» деректі фильмінің режиссері, жазушы, бүкілдүниежүзілік "Алтын сафран" кинофестивалінің жеңімпазы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреат Доқтырхан Тұрлыбек, Филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тлепов, қоғам қайраткерi, жазушы Бектұр Төлеуғалиев, Шотан батыр ұрпағы Майлыбай Өтебаев, "Шотан-Батыр" қоғамдық қорының директоры Әлібек Дүйсен қатысты.
Фильм Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында түсірілген. Дегенмен төл туындының тұсаукесері мемлекет басшысының «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласының жарыққа шығуымен тұспа тұс келуі сәтті дүниенің бастауы болмақ.
«Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған еліміздің тарихына, өткеніне ерекше назар аудартады. Қазақтың қазақ болып қалуына билердің, шешендердің, батырлардың қосқан үлесі зор. Солардың бірі Шотан батыр. Батыр бабамыз жайында деректі фильм түсіру көптен ойымда жүрген еді. Бұл – 1-2 күндік жұмыс емес, жылдар бойы жинақталған көп еңбектің арқасында өмірге келген туынды, - деп айтып өтті «Шотан батыр» деректі фильмінің режиссері Доқтырхан Тұрлыбек.
Кино 2017 жылдың 5-тамызынан бастап қолға алынып, бүгінде толық аяқталып, бірнеше тілге аударылып, отандық және түркітілдес мемлекеттердің телеарналарына жол тартты.
Айта кету керек, фильмге тапсырыс беруші - "Шотан-батыр" қоғамдық қоры. Ондағы мақсат жоңғар шапқыншылығында ел тәуелсіздігін аңсаған қазақ халқының арқа сүйеген есіл ерлерінің бірі, Адай жұртын Маңғыстауға бастап келіп қоныстандырушылардың көш басында болған ерен ұл, халық батыры Шотан Назарұлының ерлігі мен есімін ел жадында жаңғыртып, елін сүйген және қорғаған батырлығын жас ұрпақтың санасына сіңіру. Осы тұста шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов та өз сөзінде осы ойды нақтылады.
«Шотан батыр - сегіз арыстың маңдайына, Маңғыстаудың маңайына сыймайтын ұлы тұлға. Қазақта: «Мезгілсіз, мерекесіз кеткендердің, жандары сыбырлайды мені айтшы деп» деген сөз бар. Шотан батыр мезгілсіз кетпеген шығар, бірақ мерекесіз кетті ғой. Өмірінің қанша бөлігі аттың үстінде, түйенің қомында кетті. Бүгінгі мейрам сол кісінің әруағы үшін деп жасалған үлкен дүние еді. Тәуелсіз елімізде ойнап-күліп, бір-бірімізге қонаққа барып жүргеніміз кешегі Шотан сынды батыр бабаларымыздың қанымен, арымен, жанымен келген қастерлі дүние ғой. Сондықтан басымызға қонған бағымыз – тәуелсіздігіміз үшін батыр-бабаларымызға азғантай да болса басымызды иіп, рақмет айтқанымыз болсын", - деді.
Тарихи деректерге сүйенсек Шотан батыр 18 ғасырдың 1-жартысында өмір сүрген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде болған ұрыстарда ерекше көзге түскен. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Хангелді және Өтеген батырлармен бірге көптеген ұрыстарға қатысып, қазақ қолының бір бөлігіне басшылық еткен. Сонымен қатар Шотан Назарұлы - қазақ жерінің бүтіндігі жолында атқа қонған айтулы батырларымыздың бірі.
Фильмнің көрсетілім аяқталған соң "Шотан-Батыр" қоғамдық қорының директоры Әлібек Дүйсен сөз алып, туындының дүниеге келуіне ат салысқан бірқатар ел ағаларына алғысын айтып, ризашылығын білдіріп марапаттады.
Айгүл ОРЫНБАЕВА