Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров Жаңаөзенде болып жатқан жедел жәрдем қызметкерлеріне қысым көрсету фактілері туралы айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-Өздеріңіз білетіндей, жақында Жаңаөзен қаласында сот шешімі бойынша жедел жәрдем қызметкерлерінің ереуілі аяқталды. 11 адам қызметінен босатылды, 30 адам өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазды.
Осы қадамнан кейін жұмыстан босатылған қызметкерлер ереуіл кезінде халықтың игілігі үшін жұмысын жалғастырған қызметкерлерге қысым көрсете бастады. Оларды телефон арқылы қорқытып-үркітіп, жұмыстан өз еріктерімен шығу талаптарын қойған.
Фельдшерлердің бірі жұмыс ауысымын тапсырғаннан кейін жұмыстан босатылған әріптестері ұрған. Бұл оқиға Жаңаөзен қаласының фельдшерлік демалыс бөлмесінде орын алды. Жапа шеккен қызметкер Жаңаөзен қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне түсті.
Травматологиялық диагноз қойылды. Жақ сүйектеріне, кеуде қуысына зақым келген.
Сондай-ақ кейбір қызметкерлердің үйінің терезелері сынған. Осыған байланысты, олар қысымның алдын алу үшін өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуға мәжбүр болған.
Онымен қоса бұрынғы әріптестері еңбек демалысы мен денсаулығына байланысты демалысқа шыққан әріптестерін жұмыстан шығуға үгіттейді
Өзінің негізсіз ұстанымдарын қала халқының өмірінен жоғары қойған арандатушылар мен бұзақылардан өз әріптестерімізді толық жауапкершілікпен қорғауға алатынымызды мәлімдегім келеді.
Мен осы қызметпен айналысатын қызметкерлерге жүгінемін.
Біз сіздердің барлық талаптарыңызды орындау мүмкін еместігін бірнеше рет түсіндірдік, біз биылғы жылы үстеме ақы төлейміз, қызметкерлердің жағдайы мен жалақысын жақсарту бағытында жұмыстарды жалғастырамыз, бірақ бұл уақытты талап ететін процесс.
Егер сіздер жұмыстан кетуді шешсеңіздер, бұл сіздердің құқықтарыңыз. Бірақ неге сіздер өз міндеттемелерін адал атқарып жүрген қызметкерлерді еркінен тыс мәжбүрлейсіз.
Сіздердің әрекеттеріңіз Қазақстан Республикасының заңнамасына да, адам өміріне де қайшы келеді.
Мен мұны жедел медициналық көмекке мұқтаж Жаңаөзен тұрғындарына қарсы қылмыс деп санаймын.
Ертең сіздердің теріс әрекеттеріңіздің кесірінен, отбасыларыңызда оқыс оқиға орын алса жедел жәрдем қызметкерлері бармай қалуы мүмкін.
Біздің міндетіміз-адамдарға көмектесу, өйткені адам өмірі - бәрінен қымбат.
Бұны әрқашан есте сақтаңыз!
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.