Жаңаөзендік полицейлер аймақтағы түйелер мен жылқыларға жарық шағылыстырғыш жолақ жапсыруды ұсынды. Бұл шара түнде жолға шығып кететін малдың кесіріне тосқауыл болмақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ғалымжан Мақсұтұлының айтуынша, түйе мен жылқы малының иелеріне жарық шағылыстырғыш жолақтарды байлау керектігін айтты.
- Жолақтар қымбат емес. Жолақты малдың мойнына немесе аяғына байлап қою керек. Түнгі уақытта жарық шағылыстырғыш жолақ көлік жүргізушісіне 300-350 метр қашықтықтан анық көрініп, көлік апатын болдырмауға септігін тигізеді. Малы бар жергілікті жұрт бұл өзгеріске оң қабақ танытып отыр. Себебі түнгі уақытта малдың қай тұста жайылып жүргенін біліп отыру оларға да қажет, - деді Ғалымжан Мақсұтұлы.