Ақтаудағы саябақтарда өсіп тұрған ағаштарды енді құбыр арқылы суармақ. Тамшылата суару әдісінің көмегімен барлық өсімдікті толық суаруға мүмкіндік туады,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 4 шағынаудандағы В.К.Захаров атындағы саябақта суды әр өсімдікке жеткізуге мүмкіндік беретін құбыр төселді. Құбырдың жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына енгізілмеген. Жұмыстар жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жүргізілуде.
"Бұл өте ыңғайлы суару жүйесі. Жасыл аймақты суару автоматты түрде бақыланады, яғни біз уақытын, сумен жабдықтау жиілігін белгілейміз. Спринклерлік суландырғышты қолданамыз", - деді "Green City Aktau" ЖШС басшылары.
Жыл соңына дейін тап осы суарудың жаңа әдісі “Жеңіс”, “Тобанияз”, “геологтар “мен мешіт саябақтарында енгізілмек.