Ақтаулық бір топ ата-ана облыс әкімдігінің телеграмм каналында Indigo24.kz жүйесінің жұмысына шағымын білдірді,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы облыс әкімдігінің телеграмм каналында Indigo24.kz жүйесі арқылы жарияланған балабақшадағы бос орынға баласын орналастыра алмағанын және бұл олқылықты бөбекжай басшылығы жасап отырғандығын айтып шағымын жазған. Аталған сауалға Білім саласының жауапты мамандары шұғыл жауап беріп, мән-жайды түсіндірді.
Жауаптылардың айтуынша, видеожазбада көрініп тұрғандай 27 шағынауданда орналасқан N46 «Балбұлақ» балабақшасына бос 34 орын жарияланған. Алайда жүйе ережесіне сәйкес мектепке дейінгі ұйымға кезектен тыс орынды алу құқығы бар балалар, яғни: әскери қызметкерлердің балалары, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткендердің балалары, қызметті өткеру кезінде қаза болған, қайтыс болған немесе із-түссіз жоғалып кеткендерді қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, көп балалы отбасылардың, педагогтердің балалары ие болғандықтан, алғашқы 3 күн жалпы кезектегілер үшін бұғаттаулы болады.
3 күннен кейін жалпылама кезектегілерге ашылады.
- Құрметті ата-ана, жүйе нұсқаулығын білмесеңіз, көпшілікті жаңсақ пікірге қалдырмауыңызды сұраймыз.
Жүйе нұсқаулығын https://indigo-aktau.e-orda.kz/kz/# сайтынан оқи аласыз немесе Ақтау қаласы білім бөліміне келіп біле аласыз,- дейді Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің жауапты мамандары.