Бүгінгі таңда құрылыстың 30 пайызы аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа коммуналдық базар мен көтерме-тарату орталығының жобасы таныстырылды. Құрылысты «ОРЦ Ақтау» ЖШС жеке инвестордың қаржысына салуда. Қазіргі таңда 2 мың шаршы метр аумақта павильондар салынып жатыр. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз және жалға алу төлемдерінсіз сата алады. Бұл өз кезегінде тұтынушылар қолжетімді бағаны қалыптастыруға оң әсер етеді.
-Орталықта жеміс-жидек, көкөніс және құрғақ тамақ өнімдерін сақтайтын қойма болады. Сонымен қатар мультикамералы тоңазытқыштар қарастырылған. Жобаның мақсаты мейрамханалар, азық-түлік дүкендері, басқа да бизнес субъектілерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деді «ОРЦ Ақтау» ЖШС директоры Бекзат Жеткізгенов.
Сауда және қойма көлемі 20 000 шаршы метр болады. Жалға алушылар саны - 500 адам. Жобаға салынған инвестиция құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Бұдан басқа, базар аумағында автомобильдерге және қалалық қоғамдық көліктерге арналған 750 орындық автобекет жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, бір мезетте 500 адам сыятын жолаушылар терминалы орналаспақ.
Айта кетсек, жоба Президент тапсырмасы аясында іске асырылуда. Көтерме-тарату орталығы 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.