№105 «Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау» маршрутының базасы 16 жаңа автобуспен толығады. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналында Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы Мұнайлы ауданының орталығынан Ақтау қаласына қатынайтын №105 маршуттағы автобустардың тар екенін айтып, шағымданған болатын. Бұған Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері аталған мәселе басты назарда екендігін айтты. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта №105 «Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау» маршрутында 15 автобус тұрақты 10 минут жиілікпен қатынайды.
-Қазіргі таңда ауданаралық маршруттарда автобустарды жаңарту жұмысы басталды. №105 маршрутқа 16 автобус сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Аталған автобустар биыл 3-тоқсан соңына дейін облыс орталығына жеткізіледі, - дейді жауаптылар.