Маңғыстау облысындағы қазақ-түркімен шекарасынан Ашхабад қаласына дейінгі аралықта жаңа жалпы ұзындығы 250 шақырым автомобиль жолы мен көпір салынатын болды. Бұл қаулыға Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қол қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түркіменстанның Ақтаудағы Консулдығына сілтеме жасап.
Қаулыда құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың шілдесінде бастау және 2024 жылдың маусымында толық қолданысқа беру туралы бұйрық берілген.
Жаңа көпір Түркменбашы–Қарабұғаз–Қазақстан шекарасы бойындағы ескі көпір орнында салынбақ. Жаңа көпір – Түрікменстанның батысында салынған логистикалық жүйенің бөлігі. Ол арқылы Ашхабад-Түркменбашы мультимодальдық тас жолының жалғасы болатын және Түркіменстан мен Қазақстанды байланыстыратын автомобиль жолы өтеді. Бұл екі ел арасындағы көлік ағыны мен тауар айналымының көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
«Осы жобаны іске асыру өңірді тұрақты дамытуға, екі ел арасындағы тату көршілік қатынастарды кеңейтуге ықпал етпек. Қос мемлекет арасындағы қатынастардың болашағы зор деп айтуға болады. Өйткені олардың қарқынды дамуы үшін қажетті өзара мүдделілік пен объективті алғышарттар бар», - делінген Түркіменстанның Ақтаудағы Консулдығының хабарламасында.
Айта кетейік, шекарада автомобиль жолын салу - Түркіменстанның шекара маңындағы өзара қарым-қатынас деңгейін арттыру мақсатында «Шекара маңындағы облыстардың 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары» аясында жүзеге асып жатыр.