Әлеуметтік желіде Баянды ауылы маңындағы қоқыс алаңының өртеніп жатқаны түсірілген видео тарап жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады.
– Бұрынғы ескі полигон Басқұдық елдімекенінің маңында болатын. Кейін қоқыс полигоны Баяндыға көшірілді. Қалдықтар үнемі тұтанады, содан кейін жанады. Осы полигонды алысырақ, ауылдың шетіне көшіруіңізді сұраймыз, – деп шағымдануда тұрғындар Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-чатында.
Мұнайлы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, қазір қоқыс полигонындағы өрт сөндіріліп жатыр. Жану аумағы шамамен 300 шаршы метр.
"Өртті сөндіруге 8 арнайы техника мен мамандар жұмылдырылды. Қазір қызыл жалын құммен көму арқылы ауыздықталуда. Аудан әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасайұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Азамат Құлманов пен жеке құрам, “Маңғыстау Жылу” КММ-сі басшылығы оқиға орнында жедел қызмет етіп жатыр", - дейді Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.