Өзге өңірден келген және оператор қорындағы 3500 тонна шөп арзан бағаға сатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
1 орама шөп 10 000 теңгеге, бір түк шөп 900-1200 теңгеге дейін жеңілдікпен сатылды.
Бұдан бөлек, мұнай компанияларының қолдауымен биыл 8 000 тоннадан астам жем(кебек) 50-75 теңгеден сатылды(оның ішінде 3200 тоннасы – 75, 200 тоннасы – 65, 4 640 тоннасы – 50 теңгеден), - деді Қазбек Тәшімов.
Оның айтуынша, облысқа 80 272 тонна шөп және 58 588 тонна жем әкелінген. Сонымен қатар, төрт түліктің қыстағы жем-шөбін қамтамасыз ету үшін, ҚР Үкіметі резервінен 663,8 млн. теңге бөлініп, төлемдер кезекке сәйкес төленуде. Бүгінгі таңда 276 шаруа қожалық және 1 650 жеке үй шаруашылығына 314,5 млн. теңгеге жуық көмек көрсетілді. Мұндай жұмыстар жалғасады.
Ал егін шаруашылығына келсек, 2022 жылы 1000 гектарға көкөніс пен бақша дақылдары егіледі. Оның 850 гектары тамшылата суару жүйесінде болады. Бұған қоса, жылыжайда өсетін көкөніс дақылдарын да арттыра отырып, 22 000 тонна өнім алу жоспары бар.
Биыл көлемі 3 гектар болатын «Абдуллаева» «Ақтау-Азимут» ЖШС және «Асқаров Д» ЖК жылыжай кешені ашылады. Жобалар іске асса, жылына 400,0 тоннаға жуық өнім түседі.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге бөлінген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда игерілген 859,1 млн.теңгегенің 519,7 млн теңгесі ауыл шаруашылығындағы 106 жобаға беріліп, 106 жаңа жұмыс орны ашылған. Аталған бағыт бойынша жұмыс жалғасып жатыр.