Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев хабарлады.
- Маңғыстау облысы бойынша 156 орта білім беретін мектеп бар. Барлығы 166659 оқушы оқиды. Оффлайн оқу форматында 162080, қашықтықтан оқу форматында 4579 оқушы бар. Оффлайн оқу форматымен оқитын оқушылар арасында жаңа оқу жылынан бастап 400 баланың ковид жұқтырғаны анықталды. Оның ішінде 3 тоқсаннан бастап 170 бала ауырып жатыр. Оның 207 – симптомды белгілері бар, 193 – симптомды белгілері жоқ. 186 жағдай – өздігінен қаралу арқылы, 43 – профилактикалық мақсатта, 171 жағдай – жақын қарым-қатынаста болғандар арасынан анықталды,-деді Ғазиз Надуев.
Сондай-ақ, өңірдегі 12 мектеп-интернатынан 3 оқушы ковидпен ауырды.
Жалпы, 172 мектептің ішінде 88 мектептің оқушылары КВИ-мен ауырған. Оқу жылынан бастап 150 сынып карантинге жабылды, барлығы- 2864 оқушы. Оның ішінде 3-тоқсанда барлығы – 33 сынып карантинге жабылды (Ақтау – 17сынып, Бейнеу – 2 сынып, Мұнайлы – 14 сынып, барлығы – 556 оқушы).
Сондай-ақ, аймақта жаңа оқу жылынан бастап 74 мұғалімнен коронавирус анықталды.
Өткен тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясына шалдыққан – 15 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда өңірде 32 546 адам ревакцинациядан өтті.