© Фото интернеттен алынды
Жыңғылды ауылының тұрғыны Әділбек Сағындықов қуаңшылық жайлаған Маңғыстау жеріне жасанды жаңбыр жауғанын жөн санайды. Биліктен беті қайтты ма, білмедік, бұл жолы ол халықтан көмек сұрап отыр.
Айта кетейік, 23 ақпан күні Әділбек Сағындықовтың видеосы әлеуметтік желіге тараған болатын. Видеода ол қуаңшылықтан құтылудың жалғыз амалын жасанды жаңбырдан іздеген. Алайда, жасанды жаңбыр да қаржысыз жаумайды. Айтуынша, құрғақ жерге тамшының түсуі – 40 млн теңге.
«Қазіргі таңда жасанды жаңбыр қондырғысының иелері Маңғыстауға келді. Олар наурыз, сәуір, мамыр айларында жаңбыр жаудыру үшін 40 млн теңге ақша сұрап отыр. Қаржы жиналса, «қондырғылардың қуатын күшейтіп, жаңбыр жаудыруға жұмыстанамыз» дейді. Енді облыс болып, сол қаржыны жинап беруіміз керек. Әр ауылдан белсенді бір жігітке қаражат жинақтаймыз. Ақша 5 күннің ішінде жиналуы керек», - дейді Әділбек Сағындықов.
Сондай-ақ ол өз сөзінде жаңбыр жаумаса, қаржының қайтарылып беретінін алға тартты.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда «жасанды жаңбыр» неге жаумай қалды
Әділбек Сағындықовтың айтуынша, бір күн ішінде Жыңғылды тұрғындары миллионнан аса қаржыны жинақтап үлгерген.
«Жасанды жаңбыр жобасы бойынша компания өкілдерімен «Грант Қазақстан» қоры сөйлесті. Жиналған қаржы осы қорға түседі. Қазірдің өзіне қаржы жинақталып жатыр. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер де қол ұшын созуда. Шамамен 20 млн-ға жуық ақша жиналды. Енді қалған ақшаны халықпен бірге жинақтауымыз керек», - дейді ол.
Егер 40 млн теңге наурызға дейін жиналса, аталған жасанды жаңбыр жобасын «Central Asian Center of Climate Change Technologies» ЖШС мекемесі орындайды.
Шаруалардың бар үміті – жасанды жаңбырда. Себебі, бұған дейін қуаңшылық мәселесін айтып, елордада отырған Ербол Қарашөкеевтің есігін қақты. Облыс әкімімен де талай кездесті. Бірақ, әрекет болғанымен, берекеті болмай жатыр. Жақында өткен құрылтайда да жасанды жаңбыр жыры тағы айтылды. Ал әкімдік болса, жаңбыр жауатыны дәлелденсе ғана Үкіметтен ақша сұрайтынын ашық айтып отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА