© Сайт архивінен
Былтыр жергілікті билік өңірдегі құрғақшылықты жасанды жаңбыр арқылы ауыздықтайтынын айтты. Құрық, Жетібай, Шетпе және Саян ауылдарына құрылғыларды орнатып, жаңбыр жауғанын күтті.
Осылайша аталған жұмыстарды «Central Asian Center of Climate Change Technologies» компаниясы орындауға кіріскен еді. Бірақ көп ұзамай жаңбыр жаудыратын құрылғыларды алып тастағаны мәлім болды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, құрылғы жұмысы қаржы жоқтығынан жалғаспаған.
«Компания инвестиция салып, 5 генераторды алып келді. Былтыр пилоттық жоба ретінде жұмыстарын бастаған. Нәтиже де болды. Бірақ, компания өкілдері уақыт тапшылығына байланысты қуаты төмен генераторды алып келген. Соның күші жетпей қалды. Әрі қарай жұмыс істеу үшін қаржы мәселесін шешу керек. Бәрі де қаржыға байланысты», - деді Мәжіліс депутаты Е. Жаңбыршин.
Ал кәсіпкерлер тапқан табысын жасанды жаңбырға жаудырта бермейтіні анық. Мұны Еділ Жаңбыршиннің өзі де айтты. Бірақ ол қаржы мәселесі таяу уақытта шешіле қоймайтынын тілге тиек етті.
«Егер қаржы мәселесі шешілсе, компания жұмыс істеуге дайын. Алайда, бұл мәселе бірден шешіледі деп айта алмаймын», - деді ол.
Еске салсақ, аталған компания мамандары БАҚ өкілдеріне «жасанды жаңбырдың» бір жылдық құны бес миллион еуро екенін айтқан. Яғни – 2,4 млрд теңге.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА