Ақтауда 28а шағынаудан тұрғындары автобус аялдамасы жоғын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жеткізген қала тұрғынының сөзінше, 28а шағынауданының тұрғындары аялдама жоғының кесірінен автобусты қысы-жазы тік аяқтан тұрып күтуге мәжбүр.
- Мен күнделікті 8 маршрутқа мінемін. 28 а, 1 үйдің артында автобус аялдамасы жоқ. Енді сол жердегі донер дайындайтын дүңгіршекті үлкейтіп жатыр ма, әлде жәй құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр ма, түсінбедік. Барлық аялдама бойын жауып тастаған. Ол жерде онсыз да отыратын орын жоқ еді. Адамдар өз маршрутын жол жиегінде тұрып күтеді, - деді тұрғын.
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының айтуынша, 28а шағынауданда темір қоршаумен жабылған аялдама учаскесі «автобус аялдамасы бар мобильдік павильон орналастыру және пайдалану үшін» берілген.
- Қазір аталған жер учаскесінде орналасқан мобильдік павильонына қосымша автобус аялдамасын енгізіп, қайта құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деп жауап берді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары.