Қазгидромет Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі су деңгейінің жай-күйі туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова Пешной теңіз станциясының мәліметін келтіре отырып, су деңгейіне қатысты ақпаратымен бөлісті. Оның айтуынша, 3 мамыр күні Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейі Балтық жүйесі бойынша -27,87 м белгісіне жақын көтерілген. Шығыс бөлігінде Форт-Шевченко, Ақтау, Құлалы арал деректері және Балтық жүйесі бойынша -29,16 м белгісіне жақын орналасқан.
«Пешной теңіз станциясындағы теңіз деңгейінің көтерілуі Жайық өзеніндегі су тасқыны кезеңімен байланысты. Бұл жағдай жыл сайын сәуір-мамыр айларында әртүрлі қарқынмен қайталанады.
3 мамырдағы жағдай бойынша Жайық өзені – Атырау қаласы маңында су деңгейі 471 см құрады. «Қазгидромет» РМК-ның 2-7 мамырға жасаған болжамына сәйкес Солтүстік Каспийде теңіз деңгейінің орташа мәні -27,77 м-ден -29,3 м-ге дейінгі ауытқулармен минус 28,5 м белгісіне жақын болады деп күтілуде. Желшегерме-желкөтерме құбылыстары күтілмейді. Теңіз деңгейінің ауытқуы 15 см-ден аспайды», - деп атап өтті спикер.