Бүгінде Жаңаөзен қаласында кәсіп бастап, қоғам дамуына үлес қосып жүрген әйел көп. Солардың бірі – «Вундерkids» оқу орталығының негізін қалаушы Дана Хамзина. Кәсіпкердің бастамасы аясында мектеп оқушыларына ағылшын тілі, орыс тілі, менталды арифметикадан білім беріліп, домбыра, фортепиано, гитара, сурет салу, гимнастика сынды үйірмелерде кәсіби тұрғыдан тәрбиеленіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Одан бөлек, орталық балаларды білім-инновация, қазақ-түрік лицейлеріне, «Назарбаев интеллектуалды мектебіне» оқуға түсуге дайындайды. Ашылғанына бар-жоғы бір жыл болса да, қазіргі таңда орталық 70-тей оқушыға дәріс беріп жатыр. Дана Хамзина орталықта білім беретін бірнеше маманды жұмыспен қамтып отыр. Жоғары білімді ұстаздардың жетекшілігімен жас өрендер бірқатар сайыстарға қатысып үлгерген.
Дана Хамзина бір емес бірнеше кәсіптің басын ұстаған. Оның оқу орталығынан бөлек, балалар киімін тігумен айналысатын тігін шеберханасы да бар. Бүгінде өзіндік брендін қалыптастыруда табанды еңбек етіп жүр. Осылайша тігін шеберханасы айына шамамен 10 шақты топтама киімді дайындап, дүкендерге тапсырады.
Дана осы кәсіптерін дамытуға мемлекеттен 583 мың теңге қайтарымсыз грант та алды. Кәсіпкер мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында баспа студиясын ашуды көздеп отыр. Осы тұрғыда бастапқы жұмыстарды жоспарлап қойған.
- Осыншама кәсіпті алып жүруге еш қымсынбауым – ата-анамның арқасы. Олар да жеке кәсіпкер. Өз ісімді бастауға деген ынта-жігер ата-анамнан дарыған деп ойлаймын. Жұмысымды жақсы көремін. Қазір екі кәсіптің басын ұстап отырмын. Барлығын қатар алып жүру қиын емес, - деді Дана Хамзина.
Кәсіпкердің өнерге де икемі бар. Өзі басшылық етіп отырған орталықта кейбір үйірмелерден сабақ береді. Маңғыстау өнер колледжін «домбырашы» және Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы университетті «педагогика-психология» мамандығы бойынша тәмәмдаған Дана үшін бизнес саласы еш қиындық туындатпайды. Себебі, ол кәсібінің барлығын өзінің жоғары білімі бар салалардың төңірегінде дамытып жүр.
Дана қоғамда білікті маман болса, отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Ал жұбайы кәсібін қолдайды. Ал балалары өзі ашып отырған орталықта білім алып жүр.