Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Асхат Құлтанов хабарлады.
Спикер Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен аудандардағы автобустардың жағдайына тоқталып өтті.
-2020 жылдың қазанында Ақтау қалалық маршруттарға 18 дана «Yutong» маркалы отандық автобустар сатып алынды. Қазіргі уақытта автобустар Ақтау қалалық №3 және №7 маршруттарда қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, 2021 жылдың басында қалалық маршрут тасымалдаушысы «Каспий Авто Парк» мекемесі «Ankai» маркалы 30 дана жылы жаңа автобустар әкелінген болатын. Қазір бұл автобустар қалалық №5, №4М және ауданаралық №107 маршруттарында жолаушы тасымалдауда. Алдағы уақытта Ақтау қалалық №2 және №4 маршрут тасымалдаушысы «Жолаушы-Ақтау» ЖШС-нен «Ақтау қалалық автобус парктерін жаңарту жобасы» аясында БРК-Лизингтің лизингтік бағдарламасын пайдалана отырып тағы 16 дана жаңа автобус сатып алу үшін әкімдікке бастапқы төлемді төлеу арқылы қолдау көрсету жөнінде өтініш берді. Алуға ниет білдіріп отырған автобус типі отандық – Yutong маркалы автобус. Бұл автобустардың келуі нәтижесінде Ақтау қаласының автобус парктерінің жаңару деңгейі 100 %-ға жететін болады,- деді Асхат Құлтанов.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан салалық қорытынды берілді. Жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджет есебінен бастапқы 20% жарнасы, 166 400 мың теңге «Каспий» ӘКК-не жіберілді. Қазіргі таңда, «Каспий» ӘКК тарапынан лизинг беруші банкті анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Жалпы, автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау 32 тұрақты маршрут арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде: қалалық (қала маңындағы) – 11, ауданаралық (облысішілік қалааралық) – 12, ауданішілік – 9. Облыс маршруттарында 200-ге жуық автобус жұмыс істейді.
Спикер Жаңаөзен қаласы бойынша да тоқталып өтті. Шаһарда 5 маршрут, 15 автобус қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта тасымалдаушы «Каспий Авто Парк» ЖШС өз қаражаты есебінен, 2022 жылдың 2-ші тоқсанының соңына дейін Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес ауылдары 2 маршруттарына 6 дана заманауи автобуспен толықтырады.
Мұнайлы-Ақтау бойынша қатынайтын №105 бағыты да алдағы уақытта толықтырылмақ. Тасымалдаушы өз қаражаты есебінен ISUZU маркалы 12 автобусты осы жылдың 3-тоқсанына дейін алып келу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ақтау-Сайын Шапағатов, Ақшұқыр бағыты бойынша автобустарды да толықтыру көзделіп отыр.