Жаңаөзен қаласындағы «Дарын» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы - Жүсіп Жетгенбай қолөнердің ерекше түрі - мүсіндеумен айналысады. Ол ағаштан, тастан, сүйектен түрлі бұйымдар, мүсіндер жасап, талайды өз өнерімен тәнті етіп жүр.
Жүсіп сегіз жасынан бастап сурет салумен, ермексаздан түрлі жануарлардың мүсіндерін жасаумен әуестенген. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, анасы Зиба Балқиева ұлының бойындағы дарынын байқап, оның талантын ұштау үшін қолдау көрсетті. Ол ұлын шығармашылық үйіндегі мүсіндеу үйірмесінің жетекшісі, қолөнер шебері Тоқтағұл Бағитовтың тәрбиесіне берген.
Жүсіп мүсіннің кішкентай бөлшегіне дейін жоспарлап, ерекше әдемі болып шығуына еңбектенеді. Ол жүзден аса түрлі мүсіндерді жасап шығарды. Жүсіптің туындыларын қарасаң, көздің жауын алады. Өнерпаз әрбір дүниесін қызықты етіп жасауға назар аударады.
- Бастаған жолдан қалып қоймай, өнерімді шыңдағаныма қатты қуанамын. Бұл тұста одан әрі дамуыма үлес қосқан анам мен ұстазыма мың алғыс. Осы кісілердің арқасында осы күнге дейін 100-ден астам бұйым жасап шығардым. Алдағы уақытта да қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, ең алдымен анам мен жетекшім риза болатынына сенімдімін, - деді жас мүсінші Жүсіп Жетгенбай.
Қазіргі таңда Жүсіп ағаштан, тастан, сүйектен батырлардың, жануарлардың мүсіндерін, домбыра, қобыз, кеме сынды өзге де бұйымдарды жасап, көрмелерде ел назарына ұсынып жүр. Оның туындылары халықтың жоғары бағасын алып үлгерді. Жүсіптің арманы - еліміздегі қолөнер саласының дамуына үлес қосу, өз ісінің шебері болу. Болашақта бейнелеу өнерін, оның ішінде өзінің сүйікті ісі - мүсіндеуді дамытуды жүзеге асырмақ.
- Кез келген баланың бойында бұғып жатқан талант пен дарын болады. Тек оны дер кезінде ашып, дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Қолөнерге Жүсіп секілді талпынысы бар жастарды баулығым келеді. Қазақта «шыдамы жеткен шебер болар» деген ғибратты сөз бар. Көне кезеңнен бері біздің бабаларымыз сан алуан бұйымдарды қолмен жасай білген. Бұл асыл іс бүгінде жас ұрпақтың бойында жарқырап келеді. Мен өзім үйренгенді балалардың зердесіне тоқуға тырысып жүрмін. Болашақта Жүсіптің туындылары озып шығып, бәйге алып жатса, ұстаз ретінде менің де мерейімнің тасығаны деп білемін, - деді мүсіндеу үйірмесінің жетекшісі Тоқтағұл Бағитов.