Маңғыстау облысында «Бастау бизнес» жобасына онлайн оқыту биыл наурыз айының соңында басталады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл республика бойынша қабылданған ортақ шешім. Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі «Business.Enbek» кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады.
Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде нысаналы топқа енетіні туралы ақпарат тексеріледі. «Business.Enbek» порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды және тегін өтеді.
2021 жылы Маңғыстау облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 798 тыңдаушы оқытылды. Жергілікті бюджеттен қосымша 430 тыңдаушы білім алды. Осылайша облыс бойынша барлығы 1224 жұмыссыз азамат оқытылды. Пандемия салдарынан оқыту онлайн режимде жүргізілді. Дәріс 12 оқыту модулінен тұрды.
«Өткен жылдың басында республикалық және жергілікті бюджет есебінен оқыту жоспары 153%-ға орындалды (1228 адам). 2021 жылы 703 тыңдаушы 1,3 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Оның ішінде сертификат иелері 292,2 млн теңге көлемінде 501 грант ұтып алды. Ал 622,8 млн теңгеге 128 адам шағын несиелендіру арқылы қол жеткізді. Несиенің 338,7 млн теңгесін «Атамекен» МҚҰ арқылы, қалған соманы кредиттік серіктестіктерден алды», - дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Аманат Махмутов.