Биыл Сайын Шапағатов, Сенек ауылдарында бокс үйірмелерін ашу жоспарланған. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС директоры Ердос Жаңабергенов хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстың барлық ауданында бокс үйірмелері бар. Алайда, аталған спорт түріне қызығатын оқушылар көп болғандықтан тағы бірнешеуін ашу жоспарланып отыр.
-Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған ауылдарында және Жаңаөзенде бокс үйірмелері бар. Жыл сайын онда дарынды спортшылар шығып жатыр. Мәселен, Тұщықұдықта жаттыққан Дүйсенбай Қуаныш республикалық жарыстарда топ жарды. Алдағы уақытта Сенек ауылынан үйрме және Сайын Шапағатовтан спорт кешенін ашамыз. Ол демеушілікпен жүзеге асады, - деді Ердос Жаңабергенов.
Спикердің айтуынша, былтыр бокс үшін жемісті жыл болмады. Алайда, спортшылар жаттығуын тоқтатқан емес. Биыл боксшылар қыркүйек айында Қытайда өтетін жазғы Азия Ойындарына дайындық үстінде. 19-40 жас аралығында бақ сынайтын додада спортшылар 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Біздің облыс 63,5 келі салмақта қатысқалы отыр. Бұдан бөлек, мамыр айында Азия Чемпионаты мен Иранда болатын Әлем Кубогы бар. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттары болады. Осы ірі жарыстарда жергілікті спортшылардан үміт зор.
Жалпы, қазіргі кезде бокста тәжірибелі жаттықтырушылар санының аздығы байқалуда. Бұл мәселе, бокстан бөлек, баскетбол, футбол спортында да бар. Атап айтсақ, «Каспий» футбол клубы алдағы уақытта аудандарда 6-7 жастағыларға мектепте үйірме ашуды жоспарлайды. Алайда, жаттықтырушылар тапшы. Брифингте сөз алған клуб басшысының м.а Әлібек Оразғалиев жергілікті футболшыларды дайындау басты назарда екендігіне тоқталды.
- «Каспий» футбол клубының 50%-ы жергілікті қазақстандық спортшылар. Биыл командамыз үшін табысты жыл болды. Ел чемпионатында 14 команда ішінен 8-орынға тұрақтадық. Бұдан бөлек, футболдан ҚР Кубогында ¼ финалға шықты. Бұл да өте жақсы жетістік. Командамыздағы үш ойыншы Қазақстанның ұлттық құрамасына шақырту алды. Оның ішінде шабуылшы Рамазан Каримов, жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев және жас футболшы Мақсат Тайкенов бар. «Каспий-М» жастар командасы екінші жыл қатарынан Оңтүстік-Батыс конференциясының жеңімпазы атанып, футболдан Қазақстан бірінші лигасына қатысу құқығына ие болды. Команда 100% жергілікті ойыншылардан жасақталған. Жаттықтырушылар құрамы да маңғыстаулықтар. Алдағы уақытта осы үрдісті жалғастырғымыз келеді. Сондықтан 6-7 жастан бастап балаларды дайындау керек. Әзірге жаттықтырушының аздығы кедергі болып отыр. Алдағы уақытта аудандардан ашу жоспарда бар,-деді Әлібек Оразғалиев.
Спикердің айтуынша, қазір тек Ақтауда 7 мен 18 жас аралығындағы 400 бала жаттығады. Бұл 14 команда. Онда «А», «В», «С» дәрежесі бар 17 жаттықтырушы сабақ береді. Ойыншылар елімізде өтіп жатқан түрлі жарыстарға қатысып жүр. Былтырдан бастап шет елге шығуға мүмкіндік алды. Мәселен, 2011 жылғылар Хорватияда, 2008 жылғылар Грузияда өткен турнирлерге барған.
Брифингте «Каспий» баскетбол және волейбол клубтарының басшылары келіп, саладағы жетістіктерге тоқталып өтті.
«Каспий» кәсіптік баскетбол клубы ЖШС атқарушы директоры Самсон Аракелянның айтуынша, қазіргі кезде ерлер және әйелдер командасы жасақталған және жастар тобы мен дайындық тобы бар. Барлығы 127 адам, 10 жаттықтырушы айналысады. Қазақстан Ұлттық Құрамасына 8 адам енген.
-2021 жылы баскетбол үшін өте нәтижелі жыл болды. Әйелдер командасы Қазақстан Чемпионатында жеңімпаз атанса, ерлер командасы 4-орынға ие болды. 2006 жылғы туған балалар командасы күміс жүлдегер атанды. Қазір Ақтау қаласында 300 бала баскетболмен жаттығады. Алдағы уақытта аудандарда ашқымыз келеді,-деді Самсон Аракелян.
Қазір өңірде жағажай және классикалық волейбол командалары жасақталған. Барлығы 250-дей спортшы бар. Биыл ойыншылар Азия чемпионатында 3-орын, Қазақстан чемпионатында 2-орын, Қазақстан Кубогында 3-орын иеленген.