Сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған Тұжырымдама әзірленді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали хабарлады.
Тұжырымдамада мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру барысына азаматтық мониторинг, бюджеттік қаражат бенефициарларының жария тізілімін енгізу көзделген. Сондай-ақ, Тұжырымдамада мемлекеттік ақшаны пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету мақсатында сатып алу туралы нормаларды бір заңда біріктіру ұсынылды. Сонымен бірге, бір көзден сатып алу үшін негіздерді қысқартуды жалғастыру мәселесі қамтылған.
-Сапалы цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың, ең алдымен тұрмыстық жемқорлықтың алғышарттарын төмендету факторы ретінде айқындалып отыр. Сондықтан, мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру арқылы озық технологиялық шешімдерді одан әрі қолдану барлық салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталатын болады, - деді Қуаныш Мырзағали.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту жоспарлануда. Бұл олардың мүддесі үшін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде компанияның әкімшілік жауапкершілігі болады.
Халықаралық ұйымдардың ұсынымдары бойынша пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау бойынша шаралар көзделген.
«Тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықты жою тұрғысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің осы қылмыстар бойынша тергеулігін айқындай отырып, бюджеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз сыйақы бопсалағаны үшін жауапкершілігін қатаңдату ұсынылуда.