Былтыр желтоқсанда шахматтан Польшада өткен әлем біріншілігінің чемпионы Бибісара Асаубаева бүгін Ақтауға келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
4 жасында шахматтың қыр-сырын жетік меңгерген вундеркинд қызды маңғыстаулықтар шашу шашып, құшағын гүлге толтырып құрметпен қарсы алды. Оны әуежайдан күтіп алуға Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, «Дебют» шахмат орталығының басшысы Анвар Шайхымов, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева мен облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев барды.
Әлем чемпионын қарсы алуға жиналған көпшілік оні жеңісімен құттықтап, автограф алуға асықты. Жаттығу үшін күніне 8 сағаттан астам уақытын бөлетін Бибісара Асаубаеваның жоспары көп. Ол алдағы уақытта рейтинг көтеру үшін жұмыстанатынын жеткізді.
Айта кетейік, ол 2016 жылы Ресей Федерациясының құрамасына өткен еді. Жас шахматшы Маңғыстау облысының атынан 2019 жылы қайтадан Қазақстан құрамасына еніп, сол жылы гроссмейтер атағын алған еді.
- Польшада өткен чемпионат оңай болмады, шаршағанымды жасырмаймын. Бірақ турнирдің жабылу салтанатында өзіме, отбасым мен еліме деген үлкен қуаныш пен мақтанышқа бөлендім. Әлемдік жарыстарға еліміздің атынан шығуды жалғастыра беремін. Әзірге болашақ туралы ойламаймын, тек қана шахматқа деген нақты мақсатым бар, - деді Бибісара Асаубаева.