Маңғыстау облысында тұрғындар үшін коммуналдық тариф бағасы көтерілмейді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде ҚР ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Жандос Салимов хабарлады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап халыққа арналған коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтермеу бойынша барлық тиісті шаралар қабылданды.
- 2020-2021 жылдары Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысындағы департаментімен электр энергиясы, су, жылу, газбен жабдықтау қызметіне тариф деңгейі бекітілді. Содан бері баға өзгеріссіз. Мысалы, электрмен жабдықтау тарифі Ақтау қаласы бойынша - 15,96 теңге/1кВт (ҚҚС-сыз) және аудандар бойынша - 16,84 теңге/1кВт (ҚҚС-сыз). Сумен жабдықтау тарифі Ақтау қаласы бойынша - 1 м3 үшін 202,72 теңгені құрайды (ҚҚС-сыз). Су бұру тарифі де - 1 м3 үшін 56,83 теңгені құрады (ҚҚС-сыз),-деді Жандос Салимов.
Сондай-ақ, 2019 жылдан бері жылумен қамту тарифі - 1 Гкал үшін 2392,37 тг (ҚҚС-сыз). 2018 жылмен салыстырғанда бұл тариф төмендеген
(1 Гкал үшін 2696,48 тг (ҚҚС-сыз). Ал, жылу энергиясын есепке алу аспабын орнатқан жеке тұлғаларға - 1 Гкал үшін 2 219,78 тг (ҚҚС-сыз),
2 486,15 тг (ҚҚС). Құрылғы жоқ тұтынушыларға - 1 Гкал үшін 2 870,84 тг (ҚҚС-сыз), 3 215,34 тг (ҚҚС).
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы үшін тауарлық газды тасымалдау тарифі 2019 жылғы деңгейде сақталды - 1 мың м3 үшін 2392,59 теңге (ҚҚС-сыз). 2018 жылмен салыстырғанда тариф төмендеді (1 мың м3 үшін 2455,36 тг (ҚҚС-сыз).
Сонымен қатар, уақытша өтемдік тарифтерді қолдану бойынша шаралар қабылданды. Мысалы, "АЭжБУ" МКК электр энергиясын беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке тарифі - 1 кВт/сағ үшін 2,57 теңгені (ҚҚС-сыз) құрады, ал 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап уақытша өтемдік тариф енгізілді, соның арқасында тарифті 1 кВт/сағ үшін 2,53 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетуге қол жеткізілді.
Жандос Салимов шілде айына дейін коммуналдық тарифтерге Президент тапсырмасымен мараторий енгізілгенін атап өтіп, бұл талап орындалмаса Департаментке шағымдануға болатынын хабарлады.
-Департамент тарифтің өсуін алдын алу және талап орындалмаса жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Бұл ретте барлықтарыңызды осы фактілер туралы дереу хабарлауыңызды сұраймыз,-деді Жандос Салимов.
Сондай-ақ, брифингте Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров коммуналдық төлемді төлей алмай отырған тұрғындарға көмек көрсетілетінін жеткізді.
- Мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын-үй көмегі көрсетіледі. Аталған көмекке жергілікті бюджеттен өткен жылы 62 млн. теңге қаражат қарастырылған болса, 2022 жылға облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 138 млн.теңгеге көтерілді. Аталған көмекті алу үшін қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуына болады, - деді Нұрлан Орынбасаров.