М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония залында мұқым жұртты өнерімен тәнті еткен жырау Жақсылық Ниетоллаұлын ұлықтауға бағытталған «Мен – бір қайнар бұлақпын!» жыр кеші өтті.
Кешті Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы ұйымдастырды.
Аталған шараға жырау Жақсылық Ниетоллаұлының шәкірттері қатысып, өнер көрсетті. Атап айтқанда республикалық «Едіге деген ер екен» жыршылар байқауының арнайы жүлдегері Амангелді Сәңкібаев, көптеген жыр аламандарының жеңімпазы Өсербай Сәрсенбаев, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші, жыршы, өнер зерттеуші Жеткізген Сейітов пен ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Амандық Көмекұлы сынды өзге де шәкірттері қатысты.
Кеш барысында Жақсылық жыраудың шығармашылығынан бейнеролик көрсетілді.
Ж.Елеусіновтың «Бегей батыр» атты жыр жинақ кітабын белгілі жыршы, өнер зерттеуші Берік Жүсіпов зерттеген болатын. Осы зерттеу нәтижесінде кеш барысында аталған жырдың бір-біріне ұқсамайтын үш нұсқада жазылған кітабының тұсауы кесілді.