Ақтаудағы «Шахар Плаза» тұрғын үй кешенінің жарнашылары құрылыс компаниясына наразы. Бір топ жарнашы бүгін қолдарына плакат ұстап құрылыс аумағына барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2018 жылы келісімшартқа қол қойған жарнашылар құрылысты тездетіп аяқтауды сұрайды. Келісімшарт бойынша 2020 жылдың соңында пәтер кілті табысталу керек болған. Кейбірі баспаналы болу үшін несие алса, енді бірі пәтер жалдап жүр.
Үй салынбай тұр, ақша салынып жатыр. Енді үйді салуды талап етеміз немесе құрылыс компаниясын ауыстыруды талап етеміз. Мен 10 миллионнан астам ақша салдым. 2020 жылдың желтоқсанында қолданысқа береміз деген. Енді үй түгіл, іргетасы қаланбаған, - дейді жарнашы Түзелбай Сатмағанбетов.
Ішпей-жемей, бала-шағамыздың аузынан жырып ақшамызды осы үйге салып қойдық. Біз жаңа компания басшыларымен кездестік. Үй салынбайды деді. «Ақша салмасаңдар, үй салынбайды, қаражат жоқ» деді компания басшылары, - дейді жарнашы Гүлбану Жаңбырбаева.
Құрылыс компаниясының басшыларымен бір бітімге келе алмаған жарнашылар әкімдікке барып, шенділер көмек сұрады. Ақтау қаласының әкімі жиылған топқа кеңесін айтып, көмек көрсететінін жеткізді. «Шахар Плаза» кешенінде 500-дей пәтер салу жоспарланған. Құрылысты жүргізуші тұрғын үй кооперативі ешқандай жауапкершіліктен қашпаймыз деп отыр.
Ай сайынғы жарнаны салғысы келмейтін немесе күткісі келмейтін жарнашылар арыз жазып, ақшасын қайтара алады. 2020 жылы құрылыс пандемия кесірінен тоқтап қалды. Одан кейін материалдар қымбаттаса да біз бағаны көтермедік. Біз ешкімді алдамаймыз, Ақтауда бірнеше кешенді сәтті тұрғызып, қолданысқа бердік, - дейді «Ауес и К» компаниясының сату бөлімінің менеджері Олжас Төлеуханов.
Сондай-ақ, компания өкілі жарнашылар ай сайынғы жарнаны төлеп тұрмаса, құрылыстың жүруіне кері әсерін тигізеді деп отыр. Ал құрылысты 2023 жылдың басында аяқтауды уәде етті.
Махаббат Нұржанқызы