Дәулет ауылының тұрғыны Ертай Көптлиев асылтұқымды ұсақ малын гидропоника техникасымен жемдейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ертай Көптлиевтің айтуынша, ол осыдан 6 жыл бұрын асылтұқымды ешкі, қой өсіре бастаған. Бастапқыда малды жемдеу барысында қиындық туындаған. Алайда ізденістің нәтижесінде гидропоника техникасын тапқан. Соның нәтижесінде ол 40-қа жуық тауық, 15-ке жуық асылтұқымды сауынды ешкі мен альпі қойын өсіріп отыр.
«2015 жылы тұңғыш балам дүниеге келгенде оның сүтке аллергиясы болды. Сондықтан балама ешкі сүтін бермек болдым. Сол үшін басталған іс еді. Қазір менің хоббиіме айналды. Негізі бұл асылтұқымды малды тұрған шөппен бақсаң әлсіз болады екен. Не жайылымдағы шөппен, не жаңа шыққан шөппен жемдеу керек. Содан кейін ізденіп, ғаламторды қарап, гидропоника деген әдісті таптым. Негізі бұл әдіс табиғаты ыстық, құрғақ, қуаңшылық көп болатын аймақтарда әуелден қолданылып келе жатыр. Мәселен әлем бойынша гидропоника техникасы Мексикада кеңінен қолданылады», - дейді Ертай Көптлиев.
Сонымен қатар Ертай 20 шаршы метрге 20 келі арпадан гидропоника әдісі арқылы шөп өсіреді. Өзі қарапайым құрылыс жабдықпен гидропоникаға арналған нысанды да ең қарапайым құрылыс жабдықпен салған.
«Мына жердің өз температурасы бар. Жалпы гидропоника дегеніміз – ылғалды мейлінше пайдалану. Бұл жердегі ауа температурасы +15 бен +28 аралығында болуы керек. Құйылатын судың температурасына да мән береміз. Ол не қатты ыстық, не қатты суық та болмауы керек. Бұл әдіс бір жағынан суға да үнемді болады. Тіпті осыдан шыққан судың өзін бөлек ыдысқа жинап, аула суарамын», - дейді Дәулет ауылының тұрғыны Ертай Көптлиев.