© Талант ҚҰСАЙЫН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аграрлық салаға қатысты дәйекті ой-пікір білдірді. Олардың барлығы – қазіргі жиі айтылып жүрген мәселелер.
Бүгінде жайылымдық жер мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұл – кезек күттірмейтін өте толғақты тақырып.
«Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы Жолдауда. Президенттің әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету туралы әкімдерге берген тапсырмасы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып табылады.
Жолдау барысында президент еліміздегі азық-түлік бағасының негізсіз өсуін сынға алды. Бағаның жөнсіз өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үйлестіру назардан тыс қалмауы тиіс. Мемлекет басшысы алдымен бағаның өсуін тежеу үшін көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтты.
Бағаның негізсіз өсуі халықтың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізеді. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін негізсіз қымбаттатуға болмайды. Мемлекет басшысы бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру жөнінде Үкіметке бір айдың ішінде шешім қабылдауға тапсырма берді. Әр Жолдаудың өзіндік мәні бар, ал бұл Жолдауда пандемиядан кейін тұралап қалған көптеген саланың дамуына жағдай жасалуы басты назарға алынды. Ең бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біртұтас ел ретінде жұмылуға тиіс екенімізді айтты. «Дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы. Мықты мемлекет болу үшін ұйыса білу керек. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. Біз үшін ең маңыздысы - әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, тұрақтылық пен тыныштық», - деді президент. Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған маңызды құжатта күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керектігі айтылды. Жалпы, Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы кезеңнің жүгін көтеретін ке- лелі мәселелерге толы. Әрбір сала сұрыптаудан өтіп, қайткен күнде елдің әл-ауқатын жақсарту көзделген.
Аманқос ЕРТІЛЕУОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы