Әр жыл сайын ҚР Президенті Жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен, еліміздің өркендеуіне, кемелденуі мен жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Өйткені президент Жолдауы – мемлекетіміздің дамуы жолындағы бағыт берер басты құжаты.
Күз айы келісімен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаны баршамызға белгілі. Ел президентінің жаңа Жолдауында ұтымды ұсыныстар, кесімді пікірлер мен нақты тапсырмалар молынан кездесті.
Жолдауда елдің əлеуметтік саласына, білім беру мен денсаулық сақтау саласына, экология және биологиялық әркелкілікті қорғауға, жаңа жағдайдағы экономикалық даму мен қатар ұлттың жаңа болмысына айрықша көңіл бөлінгенін көруге болады. Бұл деген еліміздің дамуына, инновациялық өңдеу саласына үлкен бетбұрыс жасалуының айғағы. Қазақстандықтардың әл-ауқаты ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап өтті. Қазіргі таңда еліміз ең төменгі жалақы көлемі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта келеді. Осы орайда президент 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтып, шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия берілетінін, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы, өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатынын немесе басқарушы компаниялардың иелігіне беріп пайдаланудың мүмкіндігіне ие болатынын да айтты. Ел ертеңін ойлауға қатысты пайымның парасаттылығы осылай бой көтерсе керек.
Жолдауда мұғалімдердің еңбек ақысын да 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдады. Ал 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатынын, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының жұмысын жетілдіру секілді толғақты мәселелердің түйінін президент өзі тарқатты. Балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешу керектігін және 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттейтінін де айта кетті.
Қалай болғанда да, қоғамдық жүйе де, қарапайым халық та бір серпіліп қалды. Жолдаудағы барлық бастамалар еңбектегі кәсіптік пен біліктілік деңгейінің қалыптасуына әсерін тигізе отырып, азаматтарды ынталандырып, нәтижелі жұмысқа тартады деген ойдамыз. Себебі еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Сондықтан да Жолдау əр азаматты жауапкершілікке шақырып, жақсы бастамаларға бастайды. Ел президентінің ауқымды жоспарларды белгілеп, ол үшін басты бағыттарды айқындап беруі – қазақстандықтардың бақытты болашағының кепілі деп білемін.
Ақсұлу ӘБУОВА,
Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі