Маңғыстау облысының инвестицилар және туризмді дамыту басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Ақтаудағы қоғамдық орындар мен әуежайға "Visit Mangystau" логотипі мен туристерге арналған QR-кодтары бар арнайы таблолар орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бастама "Visit Mangystau" жобасы аясында жүзеге асты. Бұл туралы Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілеген Едігеев мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл жоба қонақтарды аймақпен таныстыруға бағытталған. Жасалған жолсілтеме туристерге қала мәдениеті мен тарихын білуге көмектеседі. Сондай-ақ, аялдамаларда QR-кодтарымен қоса Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының ең үздік 5 орындары көрсетілген суреттер орнатылды. Ендігі кезекте қала аумағындағы бірқатар қонақ үйде Маңғыстаудың көрікті жерлері туралы бейнероликтер көрсетіледі.
"Маңғыстау облысы бойынша ең үздік деп әзірге Бозжыра, Тұзбайыр соры, Қарақия ойпаты, Айрақты-Шомалай және Шерқала тауы танылды. Ал, қала бойынша 15 шағынаудан теңіз жағалауы, Жартасты соқпақ пен «Аквариус» су асты әлемі, 1 б шағынауданындағы судағы ойын-сауық пен демалыс орны және Әбіш Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайлары белгіленді", - дейді Тілеген Едігеев.
QR-кодтағы жолсерік арқылы әр турист Ақтау қаласының тарихымен таныса отырып, қонақ үйлерге, кинотеатрлар мен драма театрына, мейрамханалар мен кафелерге адаспай баруға мүмкіндік алады.