Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтеді. Сөз шеберлерінің додасына келген ақындар мен қазылар алқасын облыс әкімі Серікбай Трұмов қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен кездесуге еліміздегі қазіргі айтыс өнерінің алғашқы ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман, қазылар алқасының төрағасы Светқали Нұржан, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, белгілі айтыскер ақын, БҚО Қадыр Мырза Әли атындағы Мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла және Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Ізбасаров Шалқарбай, Нұрлан Мусаев сынды бірқатар ақындар қатысты.
Облыс әкімі «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында өткізгелі отырған шараға ат салысып, үлес қосуға ниет білдірген ақындарға алғысын айтты.
«Айтыс - атадан балаға мирас болып келген, халқымыздың рухани мәдениетінің бірі. О бастан халық арасында жүрген ақындар елді ынтымақ пен татулыққа, бірлік пен берекеге шақырып жырларына қосқан. Ақын жырларының арқауы - ізгілік, елдік, бірлік болған. Тәуелсіздіктің 30-шы жылына аяқ бастық. Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл не бар?! Біз үшін бұдан артық байлығымыз да, бағымыз да жоқ. Олай болса, бүгін Тәуелсіздікке деген ең шырайлы сезімдер мен шұрайлы сөздердің ақтарылар күні. Еңселі еліміздің 30 жылда жеткен табысының жырмен төгілер күні. Осынау айтыс мерекесінде сіздерге сәттілік тілеймін», - деді С.Трұмов.
Өңір басшысының айтуынша, Маңғыстауда ұлт өнерін, мәдениетін, руханиятын ұлықтау ісі бір сәт те толастаған жоқ. Соңғы жылдардың өзінде бірнеше халықаралық, республикалық өнер байқаулары мен фестивальдері өткізіліп, өнер иелерінің мерейтойлары кең көлемде аталды.
«Жазушылар Одағымен бірлесіп ақын-жазушылардың Маңғыстауға шығармашылық сапарын ұйымдастырдық, форум өткіздік. Бұндай жиындар, шығармашылық жобалар алдағы уақытта да тұрақты ұйымдастырылады», - деді облыс әкімі.
Кездесу соңында қонақтарға «360 әулиелі Маңғыстау» кітабы тарту етілді.
«Тәу етерім – Тәуелсіздік!» атты республикалық ақындара айтысы мамырдың 26-27 күндері өтеді. Сөз өнерінің додасына еліміздің әр өңірінен 18 ақын қатысады. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Ерман жүргізеді. Шара өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптар сақтала отыра өткізіледі. Айтыстың телевизиялық толық нұсқасы алдағы күндері «Маңғыстау» телеарнасынан көрсетіледі.