Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басынан мониторинг тобы 1632 рейд жүргізді. Тексеріс барысында 60 нысанда карантин талаптарын бұзушылықтар анықталды.
«Жалпы 60 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 5 заңды тұлға, 25 жеке тұлға және 30 жеке кәсіпкер. Нәтижесінде 14 526 660 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді Асылбек шаров
Сондай-ақ, ол облыс аумағында шектеу шараларын белгілеу туралы Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ғазиз Надуевтің 2021 жылғы 04 маусымдағы жаңа қаулысы туралы айтты.
«Осы қаулы Маңғыстау облысының COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайын бағалау матрицасына сәйкес, «аймақтан» «аймаққа» ауысуы кезінде қолданылады. Яғни, біздің облыс «жасыл аймақта» болса «жасыл аймақтың» талаптары күшіне енеді. Ал өңір «сары аймаққа» енсе, сәйкесінше «сары аймақтың» ережелері күшіне енеді», - деді Асылбек Шаров.