© Талант ҚҰСАЙЫН
Бұл туралы Маңғыстау облысы ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев баспасөз конференциясында айтты.
Оның айтуынша, қазір өңірдегі мал шығыны мәселесі өзекті. Мұндай ахуалдың аймақта пайда болуына бірқатар себеп бар. Оның біріншісі - құрғақшылық салдары болса, екіншісі – малды ұзақ уақытқа қараусыз, қосымша азықсыз қалдыруы.
«Маңғыстау облысының жағдайында сиыр, түйе, жылқы малдары жыл бойы шалғай жайылымдарда бақташысыз еркін жайылыста болады және барлық малды қолға ұстап бағуға мүмкіндік бола бермейді. Көптеген мал иелері ауылда тұратыны бар, қалада тұратыны бар, шалғай өрісте жүрген төрт түліктің жағдайын күнделікті бақылап, қосымша азығын уақытылы бере алмайды. Сондай-ақ, биыл көп шаруа көктемгі жаңбырды, жылда шығатын шөпті күтті. Алайда осы жылы аймақта күтпеген қуаңшылық белең алды. Түбі осындай шығынға әкелді», - деді Шамғали Хамиев.
Айта кетейік, жуырда мал шығынына байланысты, мамандар ветеринариялық тексеріс жұмыстарын жүргізген. Өлген малдың қан сынамалары алынып, зертханаға жіберілді.
«Талдау қорытындылары қанның биохимиялық құрамының нормадан ауытқығанын анықтады. Бұл малдың азықты уақытылы әрі қажетті мөлшерде жемегендігінен туындап отыр. Анамнездік, патологоанатомиялық және зертханалық мәліметтер нәтижесінде «Алиментарлық дистрофия» диагнозы қойылды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына қатысқан МО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл Маңғыстау және Қарақия аудандарының жайылымдық жерлері жем-шөп жинауға дайын екенін айтты.
"Норматив бойынша, Маңғыстау облысы 80 мың тонна пішенмен, 40 мың тоннаға жуық жеммен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі уақытта Маңғыстау ауданының 3 кәсіпкері Үстірттің Бөрібас деген жерінен шөп әкеліп, 1 түгін 900 теңгеден Шетпе ауылында сатып жатыр. Ал, Қарақия ауданы бойынша Кендірлі Қарасан жерінен шөп жинауға 2 кәсіпкер өтініш білдірді. Осылайша, фермерлер Қарақия ауданынан 5 мың тонна, Маңғыстау ауданынан 10 мың тонна шөп дайындауды жоспарлап отыр", - деді Серік Қалдығұл.