© Талант ҚҰСАЙЫН
Қазақ халқы үшін төрт түлік бағу, мал басын көбейту ежелден ата кәсіп. Қысы қытымыр, жазы аптап, жауын жетімсіз жауса - жері жұтаң Маңғыстауда мал шаруашылығымен айналысу оңайға соқпасы анық . Өңірде күні-түні маңдай тер, табан етпен еңбек етіп, кәсібін өрге сүйреп, дұрыс бағытта жандандырып, мол несібеге кенеліп жүрген шаруакерлер бар. Бірақ, малшылық саланың мәселесі де мың батпан жүк. Жүйесіз жоспар нәтижесінде келер шығын – құны қалтаға ауыр түсер жем-шөпті ескермегенде, тосыннан топалаң тисе індет ошағын жоятын мал дәрігерлері де мардымсыз. Бұл бюджет қазынасын мал кәсібінен өнетін табыспен молайтуды көздегендер үшін әрине өзекті мәселе. Бүгінде елдің тұрмыс-тірлігін түзеу, өңір өңін кіргізу, өндірісті іркіліссіз ілгері жылжыту мұнай барлау есебінен жүргізілетіндігі мәлім. Дегенмен түбек қойнауындағы «қара алтын» қорының сарқылар қаупі төнгенде, кімге иек артарымызды білмей, дал болғаннан, әлеуеті зор саланың дамуына мүмкіндік тудырған дұрыс емес пе?! Сол себепті Маңғыстауда агроөнеркәсіптік кешеннің даму көкжиегін айқындауда әсіресе мал шаруашылығының кең өріс алуына, саладағы түйінді мәселелердің оң шешімін табуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Мәселен, соның ішінде облыстағы ветеринарияның жай-күйіне аса назар аударып, саладағы олқылықтарды жойып, кем-кетігін толтырар жобаларды жүзеге асыру қажет.
Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев өңірдегі ветеринария саласындағы бірқатар түйіткілдердің басын ашып, түсіндіріп өтті. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, жасырын түрде өтетін індет белгілерін анықтап, зертханалық сараптама жасау арқылы ерте бастан диагноз қою ветеринар маман мойнына жүктелетін жауапкершілігі зор маңызды міндет. Жануарларды аурудан қорғау және емдеу, халық денсаулығының қауіпсіздігін сақтау, ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ел аумағын өзге мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау, ветеринариялық препараттар мен жемшөп сапасын бақылау секілді міндеттер бұның бір парасы ғана.
«Ветеринар қызметінсіз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидасына сәйкес кез келген жануар иесі жануары өлсе, сатса, сатып алса үш күн ішінде ветеринар маманға хабарлау керек. Ауылдық округтердің елді мекендерінде шаруашылық бойынша есепке алу кітабы бар, мал саны осы кітапшаға тіркелуі тиіс. Жергілікті ветеринарлар жылына екі мәрте қора жайларды аралап, малдарды нөмірлеп, сұрау салып, өз алдына статистикалық есеп жүргізуі міндетті. Ветеринария туралы заң аясында мал иелері жұқпалы ауруладың алдын алу үшін иелігіндегі малға уақытылы екпе ектіруге, дәрігер талабына сәйкес қан сынамаларын алудыруға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдеңгейлендіруге міндеттеледі», - дейді Ш.Хамиев.
Қазіргі таңда өңірде бес аудан мен екі қалада ветеринариялық стансалар қызмет етеді. Олардың қызмет бағыты жоғарыда атап өткендей сан алуан. Ауыл-аймақта ветеринария пункттері болғанымен, ветеринар мамандар тұрақтамайды. Күні бүгінге дейін көбісі аудан орталығынан қатынап, қызмет етеді. Бұл – үлкен мәселе. Төрт түлік малдың басын көбейтіп, сапалы өнімін сауда айналымына өткізіп, ағарған сатып күнелткен ауыл халқы үшін мал-жанның амандығы бірінші орында. Жұқпалы індет жайылып, қорадағы малды жайпап кетпеуі үшін де ветеринарлардың жұмысы жоспарға дәлме-дәл, үзіліссіз жүргізілуі тиіс. Ал ол үшін өз кәсібінің қыр-сырына қанық, тәжірибесі зор, жауапты маман ауадай қажет.
«Біріншіден жастар малға аса құштар емес. Қорадағы малмен жұмыс лас. Жиіркеніп, қашады», дейді Шамғали аға. Бұл о бастан ветеринар болуға талабы жоқ, малдың жанына жуымаған, қолыма оқу тәмамдады деген құжат түссе, болғаны деп жүрген жас түлектер. Олар ветеринария басқармалары мен инспекцияларда, кеңселерде іс-қағазбен жұмыс істеуді жөн көреді. Осы сала бойынша білімі кемшін, тәжірибесі таяз, диагностикаға осал мамандар да өте көп. Мал иесінің қатаң талабынан именіп, айқай-құқайдан қорқады, қателесіп, мал жазым бола қалған жағдайда, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашады. Ал білікті мамандар мардымсыз жалақыны місе тұтпай, жекеменшік мекемелерге қарай ойысады.
«Бұл мәселені шешуге бағытталған ұсыныстар бар. Биыл республика бойынша 2023 жылға дейін ауыл шаруашылық саласын дамыту жоспары жасақталуда. Ветеринарлардың жалақасын көтеру жөнінде ұсынысты министрлікке жолданатын арнайы хаттамаға қостық», - дейді басқарма басшысы.
Ауыл-аймақтағы ветеринария пункттерінің материалдық-техникалық базасының ахуалы да мүшкіл. Малды ультрадыбыстық зерттеу аппараттарына түсіру, қан сынамаларына талдау нәтижесін лезде алу, ветеринариялық құрал-жабдықтардың толықтығы әлі де болса қол жетпейтін дүниелер. Қазіргі таңда қарапайым қан сынамалары еліміздің бас қалаларындағы диагностикалық орталықтарға жолданады. Оның нәтижесі шығып, нақты диагноз қою да біршама мерзімге созылады.
«Біздің еліміздегі ветеринария саласын Еуропадағыдай жеке меншікке өткізу, дамыту үшін ең алдымен халықтың экономикалық әлеуетін көтеру, төлем қабілеттігін арттыру қажет», - деп түпке бойлайды Шамғали аға.
«Биыл біздің өңірде кездесу мүмкін деген сібір жарасы, құтыру, түйе обасы, түйе күлі, қойдың күлі, иттердің ішқұрты, пастереллез, брадзот секілді жұқпалы ауруларға қарсы 340 мыңдай вакцина бөлінді. 143 мыңға жуық диагностикалық тексерулер жүргізу жоспарланған. Бастысы бруцеллез ауруына тексеру жүргізіледі. Біздің облыс ел аумағында бірден-бір сарыптан таза аймақ. Бруцеллез жұқпалы ауруы соңғы рет 2017 жылы Бейнеуден екі сиырдан анықталды. Содан бері бұл ауру тіркелмеген. Бұған бір себеп біздің жер ерекшелігіне қарай табиғи жайылымда ұсталған малдың көп топтасуы жоқ», - дейді Ш.Хамиев.
Баршаға мәлім, Маңғыстауда жер үсті су көздері тапшы. Жұтаң жерден жұғын таппай, мал жұтқа ұрынды биыл. Төрт түлік төресі жылқы күні-түні, қысы-жазы 20-40 шақырымға дейін иен далада еркін жайылымда жүріп, көбейеді. Олай болмаса көтеремдеп, мал арам өліп кетуі де мүмкін. Мұндай малды кешке өрістен айдап әкеліп, қораға қамай алмайсың. Бұл біздің өңірге тән дәстүрлі мал шаруашылығының бірден-бір ерекшелігі. Сол себепті бірдейлендіру үдерісі кешеуілдеп, жоспар орындалмай қалып жатады. Бірдейлендіру дегеніміз малға сырға салу, таңбалау, чиптеу, малға ветеринарлық паспорт беру және малдың деректерін компьютерлік базаға енгізу жұмыстарының бірегей жүйесі. Бірдейлендіру арқылы малдың нақты есебін алу, дер кезінде мал дәрігерлік көмек көрсету, уақытында жұқпалы мал ауруларына қарсы егу, диагностикалық шаралар жүргізу жүзеге асырылады. Ескере кетер дүние, қолдағы малдың нақты есебінің жоқтығынан өз бетімен жүрген мал есепке ілінбей, уақытылы егу жұмыстары жүргізілмейді. Нәтижесінде ірі қарада кездесетін қауіпті дертердің алдын алу жұмыстары да дер кезінде іске аспайды. Бұл өте өзекті мәселе. Осы тұста жеке шаруа қожалықтарының жауапкершілігін заң шеңберінде бекіту, адам өміріне төндіретін қауіпті бағамдай алуы туралы сан түрлі сауал туындауы заңдылық. Себебі бір малдың бойынан табылған індет қалған малдарды егуге жұмсалған қомақты қаржының желге ұшуына сеп болады. Сондықтан бұл тұста жаңа оңтайлы шешімдерді қабылдау аса қажет.
Қолына құрық ұстағандардың жылқы мен түйе түлігін бірдейлендіруден қашқақтауына тағы бірнеше себеп бар. Үкімет заңына сәйкес мүйізді ірі қара мен қойға сырға салу тегін де, жылқыны чиптеу ақылы негізде жүзеге асады. Мәселен бір жылқыны чиптеу үшін 700-800 теңге арасында шығын шығады. Бұл бір. Ал екінші жағынан Маңғыстаудағы ауылдардың басым бөлігі күре жолдарды жағалай орналасқан. Соңғы жылдары қараусыз малмен соқтығысу салдарынан орын алған жол-көлік апаты жиілеп кетті. Мал иелері мұндайда қылмыстық жауапкершіліктен қашады. Сондай-ақ жекеменшіктегі малдың толық есебі болмағандықтан биылғы қуаңшылықтан арам өлген малдың нақты санын табу да қиынға соқаны рас.
«3 маусымдағы есеп бойынша 1122 мал өлімі тіркелді. Оның ішінде 536 жылқы, 64 түйе, 477 қой-ешкі, 45 сиыр. Өлген малға қолданыстағы заңнама аясында өтемақы төленбейді. Ауыл шаруашылық министрінің «Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы» бұйырығына сәйкес мал иесі жануарларды ұстау кезінде жайлы орналасқан орындарды, ылғалды-температуралық режимді, табиғи жарықты, вентиляцияны қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ оларды биологиялық, түр-тұқымдық және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келетін және олардың тамаққа, суға, ұйқыға, қозғалысқа, табиғи белсенділік пен басқа да қажеттіліктерге табиғи мұқтажын қанағаттандыратын жағдай жасалуы қажет. Қазіргі кезде тағы бір дүниені ескеруіміз тиіс. Қырылып жатқан түліктің басым бөлігі қараусыз босып жүрген мал. Қаладағы малсақ қауым өзіне тиесілі малды ағайын-туманың үйіріне қосып қойып, аманаттап, алаңсыз жатады. Мал өсірем, берекет-несібесін көрем десең, жемшөп қоры, талапқа сай сапалы жағдайы да болуы тиіс», - дейді Ш.Хамиев.
Ата кәсібіміз біздің берекелі тұрмысымыздың бастауы екенін ескерсек, мал шаруашылығының дамуына жан-жақты жағдай жасау қажет. Кейінгі жылдары қожырап қалған ветеринария саласына қайта жан бітіру, жалпы бұл мамандықтың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар істелуі тиіс. Ауыл-аймаққа, жеке шаруа қожалықтарына білікті ветеринар мамандар ауадай қажет. Мал шаруашылығы өңір экономикасының дамуына соны серпін беретін сала екендігін назарда ұстап, тұралаған ата кәсіпті тұрғызуға құлшынысы зор азаматтарға аянбай қолдау көрсеткен жөн. Соның ішінде терең білімді, тәжірибесі зор, төрт түліктің бабын табар ветеринарларды ел игілігіне қызмет етуге тартып, олардың жан-жақты жағдайын жасау қажет-ақ.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ