Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры – қазақ ұлтының мәдени мәйегі тұнған қастерлі орда. Әсерлі образдарды, сезім бояуы мың сырлы, ішкі жан дүниесі текетірестерге толы жанды кейіпкерлерді сомдау арқылы өнері өрге жүзген өрендер ортасы. Қазақ театры кеңістігіне талант шоғырын түлеткен руханият ордасын былтырдан бері Гүлсина Мерғалиева басқарып келеді. Бір жыл бұрынғы індет әлегі театр жұмысын тұралатып тастағаны рас. Өміршең өнер көсегесін көгертіп қана қоймай, қоржынына мол олжа салып үлгерген театр үшін төтеннен төнген қатер қиындық пен кедергіні еңсеріп, ерек серпінмен еңбек үрдісін үдетуге мүмкіндік берген екен. Бүгінгі сұхбатта театр басшысы Гүлсина Мерғалиевамен театрдың бүгінгі тыныс-тірлігі турасында әңгіме өрбіттік.
– Гүлсина Бақытжанқызы, әлемдік пандемия театр жұмысына қалай әсер етті?
- Өзіңізге белгілі, карантинге сәйкес театр жұмысына шектеу қойылды. Бүгінде санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, рұқсат етілген деңгейде жұмысымызды жалғап келеміз. Әрине, оңай емес. Репертуарды жаңарту, тың бағытқа талпыныс жасау қажет, режиссерлерді ынталандырып, бас біріктіре отырып жаңа бастамаларды іске асыру керек. Мәселенің бір ұшы қаражатқа келіп тіреледі. Біз үшін табыс көзін табу маңызды. Ел аумағына енген қатер бізді есеңгіретіп тастады. Карантин кезінде көбіне онлайн қойылымдар қойылып, You-tube каналына жүктелді. Дегенмен індет ілмегіне ілінбес бұрын біраз ілкімді істің басын қайырдық. Ең бастысы, Есенғали Раушановтың драматургиядағы тырнақалды туындысы «Абай мен Құнанбай» пьесасын сахналап үлгердік. Қойылым көрермен қошеметіне көміліп, ыстық ықыласына бөленді. Театр тарландары оң қабақ танытты. Өмірден озар алдында Есенғали аға осылайша тірліктегі ізгі миссиясын орындады. Олай деудің де үлкен астары бар. Ол сахнада Абай мен Құнанбайды татуластырды, ал өмірде өңірімізге белгілі қос ақынды қауыштырып, құшақ айқастырды. Мен Есенғали Раушанов секілді шығармашылық иесімен азды-көпті уақыт таныс-біліс болған тағдырыма дән ризамын.
– Осындай қиын кезеңнен кейін қай бағытта қызмет етесіз?
– Иә, карантин креативті идеяларға негізделген тың шешімдер мен байламдарға толы болды. Жаңа жобалар жүзеге асты. Мәселен, біз наурыз айынан бастап Ұлыстың ұлы күні қарсаңында балаларға арналған «Кел, балалар, ойнайық!» атты ертеңгіліктерді ұйымдастырдық. Бұндағы басты ой – ләңгі тебу, асық ату, арқан тарту, көкпар ойнау секілді ұлттық ойындарды ұлықтау, аңыз-әпсана, ертегі кейіпкерлерін сомдау арқылы ұрпақ бойына рухани құндылықтарды сіңіру, көне тарих тағылымынан тұшынту. Арнайы залды сәндеуде ұлттық бояуы қанық, ою-өрнекпен көмкерілген киіз үй жабдықтары қолданылды. Сахна үш жүздің ру таңбалары қашалған балбал тастармен, Рашид Құлбатыров есімді маңғыстаулық қылқалам шеберінің өнер туындыларымен безендірілді. Бұл жас ұрпаққа ұлттық болмысын тани түсуіне және тарихын түйсіне білуіне берілген мол мүмкіндік деп білемін.
Мен өнер ордасының әрбір текше метрі игілікке қызмет етуі тиіс деген ұғымдамын. Сол себепті жеңіл жөндеу жұмысы жүріп, «Green Hall» залы жаңа бағытта өз қызметін бастады. Бұл жерде көрермендер сүйікті театр әртісімен жүздесе алады. «Сырласу» атты арнайы кездесулер ұйымдастырылып, қызықты сауалдар қойылып, еркін форматта әңгіме өрбиді.
– Театр репертуары мен актерлер құрамында қандай жаңалықтар бар?
– Әр буыннан жарық жұлдыз жасап, киелі өнер көкжиегіне көтеру – менің бас режиссер және көркемдік жетекші ретіндегі міндетім. Медғат Өмірәли, Кенжебек Башаров, Еркебұлан Бекен, Айбек Иманқұлов сынды өнер сүйер қауымға кеңінен танымал дарынды әртістер қазақ театры мен кино өнеріне соны серпін әкелеріне сенім мол. Сондай-ақ театрымызда Ислам Есжан, Ұлдана Құдайберген, Наурызбек Құдайберген сынды жаңа бүршік жарған жас буын жетіліп келеді. Олар – аса еңбекқор, өнер сүйер, ізденімпаз, жаңашыл жастар. Республикалық арналарда көрсетілетін телесериалдарда біздің театрдың түлектері жиі төбе көрсетіп жүргендігі көңіл қуантарлық дүние. Басты рөлдерді сомдап, образды жоғары деңгейде алып шығып, жаңа қырынан жарқ ете қалар кездері жиі. Бүгінде Майра Бақбердиева, Анар Бисембина, Сәуле Бағланбаева секілді театр әртістері «Тұмар» телесериалында түсіп жатыр. Бұл– мақтануға тұрарлық жетістіктер.
Режиссерлерге келер болсақ, қазіргі таңда театрда Әлия Исаева есімді режиссер практикант қызмет етеді. Жуырда Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесінің желісімен жазылған спектакль сахнада қойылды. Ал Дина Жұмабаеваның режиссерлік шешімімен сахналанған А.Островскийдің «Найзағай» драмасы көрерменді елең еткізді. Әлия алдағы уақытта «Тас бол» ертегілер желісін сахналап, театр сүйер қауымға тарту етпекші.
Театр репертуары жаңарып отыруы тиіс. Алдағы уақытта Атырау өңірінің тумасы, режиссер Гүлназ Қамысбаевамен кеңесе келе танымал бард-ақын, әнші Табылды Досымов бейнесін сахна төрінде сомдауды ұйғардық. Кісілік келбеті кемел, арда азамат өмірі, есімі мен шығармашылығын ескіртпей, өскелең өрендерге өнеге ету үшін киелі сахнада «ескерткіш» орнатпақпыз.
– Театрға көрермен тарту мәселесі туындамай ма?
– Біздің көрермендер – ішкі мәдениеті зор, талабы мен талғамы жоғары, рухани сусаған жандар. Қойылым билеттері кейде бір ай бұрын сатылып кетеді. Театрға келушілер өте көп. Жаз маусымында облыс аумағына арнайы гастрольдік сапарлар жоспарланған. Таушық ауылының тумасы, меценат Иса Бимырзаев алдын ала барлық билетті сатып алып, туған ауылына сый жасады. Бұл – өзге де ұлтын сүйетін, қазақ өнерінің мерейін өсіргісі келетін азаматтарға үлгі боларлық іс.
– Жаңа басшы ретінде театр жұмысын қалай дамытасыз?
- Біздің театрда бір аптада бірнеше қойылым қатар сахналатын күндер бар. Міне, пандемияда осындай қарқынмен қызмет ету арқылы қосымша табыс табуды қолға алдық. Театр жұмысын жоғары деңгейде жүргізу үшін үлкен көлемде қаражат қажет. Мемлекет, облыс деңгейінде қолдау зор. Десек те режиссерлердің гонорары үлкен екендігін ескеруіміз керек.
Менің алдымдағы басты міндет – театр ғимаратының қасбетін алмастыру. Театр ғимаратының сырты ескірген. Алда-жалда көрермен үстіне құлап кету қаупі басым. Сондықтан қасбетті ауыстыру үшін жұмыстанып жатырмыз. Тағы айта кетер дүние Иса Бимырзаев есімді кәсіпкер театрдың сыртқы жарықтандыру жұмыстарына өз демеушілігін көрсетуде.
Біздің міндет – заман ағымымен қатар ылғи алға адымдау. Мен жастарды жеделдікке, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа әркез баулимын. Мәселен, театрда жаңа СММ бөлімін құруды қолға алдық. Бұл да – бүгінгі қоғам мен заман талабы. Әлеуметтік желілерде белсенді болу, театр жұмысын заман талабына сай жүргізу үшін нәтижелі жарнама тетіктерін меңгеру керек. Мәселен, бүгінде театр билеттері Tiketon жүйесі арқылы онлайн сатылады. Алдағы уақытта театр жұмысы жаңа қарқынмен, тың серпінмен өз жұмысын жалғайды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ