©
Ұлт руханияты, өлке мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан кең танымал тұлға, «Құрмет» орденінің иегері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Нұрнияз Мұханов 1948 жылы 27 маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Алматы опера студиясын және Шымкент қаласындағы мәдениет институтын бітірген.
Еңбек жолын Маңғыстау облыстық халық шығармалық әдістемелік орталығының директоры (1973) қызметінен бастап, облыстық қуыршақ театры директорының орынбасары, Қарақия ауданы мәдениет бөлімінің меңгерушісі (1989-1990), облыстық филармония директоры (1990–1995), облыс мәдениет басқармасының бастығы (1995–2005) қызметтерін абыроймен атқарды.
2006 жылдан Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалықдрама театрының директоры болып жан аямай тер төгіп келе жатқан Нұрнияз Мұханов күні ертең жетпістің биігіне өрлейді. Өнер саласына өмірін арнаған тарлан тұлға өзі қызмет еткен жылдарда «Жастар» халық ансамблін, «Кең жайлау», «Ақ желкен» үгіт бригадаларын, «Алтыбақан», «Маңғыстау маржандары», «Ақжарма» ансамблі секілді өнер ұжымдарын ұйымдастыру жұмысына баскөз болып, елеулі үлес қосты. Бүкілодақтық халық шығармашылық фестивальдарының лауреаты атанды. Мерейтой қарсаңында Маңғыстау өңірінде өмірін өткізіп, шығармашылығын шыңдаған ағамен аз-кем тілдескен едік.
«Бұл Маңғыстау жаз – жайлау, қыс – қыс таудың мекені ғой. Республиканың басқа өңірлерінен ерекшелігі – Маңғыстау жұртында көп қыс болмайды. Қыс – қыстау дейтін себебі маңғыстаулықтар мал шаруашылығымен айналысқан. Ілгеріректе басқа бір шаруашылықтың, өндірістің түрі болмағаны белгілі. Тек мал шаруашылығы халықтың басты кәсібі болды. Ал енді Маңғыстау жері мал шаруашылығына өте қолайлы, себебі қыс қатты емес, қар түспейді, сондай-ақ қыста қора салып, шөп шаппайды. Төрт түлік мал қысы-жазы Маңғыстаудың бойында, ойын да жайылып өседі. Көктем шыға Үстіртке шығады. Бұл мынау Сай-Өтестен бастап Бейнеуге дейін жалғасады. Одан әрі малға жайлы жаз жайлауы Байғанин ауданына созылады. Мен сол Байғанин жерінде туып, өстім. Байғанинде оқуымды бітіріп, Алматыдағы консерваторияға оқуға түстім. Дегенмен тамағым ауырып, ісік пайда болып, опералық студияны оқып, одан кейін Шымкенттің Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтына түстім. Институт қабырғасында жүргенде Маңғыстау облысы ашылды. Оқу аяқталар жылы 20 наурызда Маңғыстауға жолдама алып, киелі жерге аяқ бастым», – деп бастады әңгімесін Нұрнияз Мұханов.
Мәдениет институтын тәмамдаған жылы ол Маңғыстаудағы шығармашылық үйіне директор болып тағайындалды. Ол уақытта облыста мәдениет басқармасы, облыстық кітапхана, шығармашылық үйі – осы үш мекеме ғана бар еді. Филармония, театр, музей деген үлкен мәдениет ошақтары құрылмаған кез. Бәрінің жұмысын шығармашылық үйі ұжымы арқалады. Содан кейін уақыт өте музей, филармония ашылып, қуыршақтар театры да құрылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жағалаудағы сауда: төрелігін комиссия айтпақ«Шығармашылық үйі көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыстарын үйлестіреді және клуб мекемелеріне қарайды. Біз жастық жігеріміз бен еңбегімізді біріктіріп жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде клубтың материалдық базалары жақсарды. Аудандарда бірнеше клуб салынды. Облыс құрылуына байланысты Ералы, Бейнеу аудандары ашылып, мәдениет бөлімдері жұмыс жасай бастады. Ал Ақжігіт, Сарға, Сенек, Тұщықұдық, Қызаннан біртіндеп клубтар салынды. Ералы мен Бейнеуден мәдениет үйі бой көтерді. Сонымен қатар көркемөнерпаздар да жақсы жетістіктерге, жағдайларға жетті. Бірнеше халықтық оркестрлер құрылды. Форт-Шевченкода, Жетібайда, Ералыда, Шетпеде, Жаңаөзенде халық аспаптар оркестрі болды. Көркемөнерпаздар арасында үгіт бригадасы өте жақсы жүргізілді.
Маңғыстауда «Кеңжайлау» деген үгіт бригадасы, Форт-Шевченкода «Ақжелкен» деген үгіт бригадалары құрылып, олар республика, одақ көлемінде үлкен өнер көрсетті», – дейді Н.Мұханов.
Сол тұста құрылған ансамбльдер мен олар жеткен жетістіктер де аз болмаған екен. Мәселен, Маңғыстаудың «Кеңжайлау» бригадасы Мәскеуде өнер көрсетіп, алтын медаль иеленген. Форт-Шевченконың «Ақжелкені» республикада 1-орын алып келген. Сонымен қатар сол уақытта ән-аспап ансамбльдері көбейді. Форт-Шевченкода «Ақбөбек» деген ансамбль, Шетпеде «Жастар» атты ансамбль құрылды. Ақтауда «Самал» деген ансамбль жұмыс істеді. Өзенде, Ералыда, Бейнеуде осы тектес ұжымдар құрылды. Нұрнияз Мұханов осы ұжымдардың барлығын ұйымдастырып, жетекшілік жасады. «Жармыштағы ұлт аспаптар оркестрі халықтық атақ алды. Шайыр да драма үйірмесі ашылып, ол да халықтық атаққа ие болды. Бұдан бөлек, сол кезде фольклорлық ансамбль деген де шықты. Бейнеуде «Алтыбақан» фольклорлық ансамблі құрылды. Шетпе, Ералыдан «Маңғыстау маржандары» ән-би ансамблі құрылды. Бұл ұжымдар республикалық деңгейде жетістіктерге жеткен ансамбльдерге айналды. Сахналық костюмдері сапалы тігіліп, репертуарлары жоғары деңгейде дайындалды.
«Маңғыстау маржандары» бүкіл Кеңес Одағы атынан 1986 жылы Алжирге барып, халықаралық фольклорлық ән-би ансамбльдерінің фестиваліне қатысты», – дейді өткен жылдар естелігін ақтарған Нұрнияз аға.
90-жылдар қарсаңындағы тоқырауда облыс қайта жабылды. Нұрнияз Мұханов шығармашылық үйінің директорлығынан қуыршақ театрына ауысады. Ол кезде тек орысша жұмыс істеген қуыршақ театрын қазақша өнер көрсетуге баулып, мемлекеттік тіл мәртебесінің асқақтай түсуіне де үлкен үлес қосты. Ал 1995 жылы облыстық филармония ашылды. «Ол уақытта кадр деген атымен жоқ еді. Филармонияны ашып, білікті кадрлар тартып, директорын тағайындап, мекеме жұмысын жолға қойдық. «Ақ шағала», «Гитара Каспий» деген екі ансамбль болды. Бұдан бөлек камералық ансамбльді жасақтадық. Облыс жабылғаннан кейін Ералы ауданындағы мәдениет бөлімін басқардым. Сол уақыттағы Гурьевте облыстық фестиваль болып, Ералы ауданы 1-орын алдық. Теледидар мен тоңазытқыш ұтып алдық, бұның өзі – 90-жылдардың қиындау тұсында үлкен сыйлық болды, біз үшін», – дейді Н.Мұханов.
Нұрнияз Мұханов 1990 жылы қазан айында филармонияның директоры болып тағайындалды. Бұл жерде оған кәсіби ұжымдармен шұғылдануға, кадр дайындауға тура келген. Оның үстіне филармония жалғыз коммерциялық мекеме саналды. Яғни қаржыны мекеме өзі табуы керек. «Мен келген тұста филармонияның бережақ шығындары болған еді, жыл соңына дейін табысты деңгейге жеттік. 1992 жылы филармонияның жанынан «Ақжарма» ансамблін аштық, кәсіби деңгейде. Ол уақытта консерватория бітірген маман тапшы, соның бәрін жинақтап, сахналық киімдер дайындап, концерттерін ұйымдастырдық. Сол кездегі мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев өңірімізге келгенде біздің ансамбльді көріп, жұмысына риза болып, Түркияға жолдама берді. Түркияда үлкен фестивальге қатысып, жүлделі орын алып қайттық. Содан кейін бұл ансамбль Қытайға, Францияға барды» деп, филармония ансамблдерінің абыройлы жылдарын еске алды.
1996 жылы Абыл Тарақұлы атындағы үлкен оркестрді құрып, жұмысын жүйелегеннен кейін Н.Мұханов облыстық мәдениет басқармасы басшылығына ауысып, онда он жыл қызмет етті. «Әбіш Кекілбайұлы айтпақшы, «Маңғыстау – ашық аспан астындағы музей» екені баршаға белгілі. Қиын қыстау жылдарда көптеген мәдени-тарихи ескерткіштер құлап жатты. Жерасты мешіті тек қана Маңғыстауға тән. Олар да қараусыз болды. Облыста кітапханалар, музейлер, ансамбльдер жұмысы жүйеленгенімен, тарихи ескерткіштердің реставрация жұмысы кенжелеген еді. Осы істі қолға алдық. Бекет Ата жерасты мешітін қалпына келтіру жұмыстарын бастадық.
Осы ретте өңірдегі Шопан Ата, Қараман ата мешіттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет басқармасында жүрген кезде осындай өңіріміз үшін маңызды міндеттер атқарылды. «Бұдан бөлек, өңірімізде театр жоқ болды. Осы қажеттіліктен келіп 2003 жылы музыкалық драма театры ашылды. 2002 жылы «Каспий – достық теңізі» деген фестивальдің аясында халықаралық жастар форумы өтті. Сол шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, Маңғыстау облысының республика да театры жоқ жалғыз өңір екенін тілге тиек етіп, сол кездегі әкім Л.Қиыновқа тапсырма беріп, театр ашылды. Бұл ғимарат әу баста екі залды кинотеатр еді. Театрға Алматыдағы өнер академиясынан 30 маман алдырдық. Өзіміздің 20 жасты оқытып, тағы алдық. 10 актер, 10 техникалық қызметкер. Театр – қазір республикадағы алдыңғы қатардағы ұжымның бірі. Біз осы уақытқа дейін, яғни 15 жылдың ішінде 7 республикалық, 45 халықаралық дәрежедегі фестивальға қатысып, бірнеше рет бас жүлделер алдық» деп, театрдың бүгінгі жеткен жетістіктері де толайым екенін жеткізді.
Әңгіме арасында Нұрнияз Мұхановтан облыста амфитеатр ашу туралы да сұраған едік. «Амфитеатр әзір ашылмайды. Теңіз жағалауында амфитеатр орны бар. Уақыты піскенде жасалынар деген үміт бар. Оның бер жағында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен теңіз жағасынан амфитеатрға ұқсас халыққа арналған сахна жасалып жатыр. Амандық болса, бұл сахна күзге қарай беріледі деп жоспарлан ған», – деді ол.
Сонымен қатар келер жылы музыкалық-драма театры жанынан Әбіш Кекілбаев орталығы ашылады деген жоспар бар. «Биыл тұңғыш рет Әбіш әлемі деген халықаралық фестиваль өткіздік. Келесі жылы екінші фестивалін ұйымдастырамыз. Осы ретте атап өтер жайт, Маңғыстау – жыл сайын халықаралық фестиваль өткізіп отырған жалғыз облыс. Астана мен Алматымен қатар, Маңғыстау облысы 2 халықаралық дәрежеде театрлар фестивалін өткізіп отыр. Жақында Каспий жағалауы елдерінің халықаралық фестивалі болады. Қыркүйектің 13-16 арасында осы шараны Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына орай өткізсек деп отырмыз», – дейді Н.Мұханов.
Ал қазіргі драма театры республикадағы өзінің дербес арнаулы ғимараты жоқ ұжым санатында. Оның себебі ғимараттың әу баста кинотеатрға лайықталуына байланысты екен. Директор театр ұжымы үшін бұл ғимаратта шешілуін күткен мәселелер бар екенін де жасырмады. «Театрдың 9 цехы бар, оларға орын жоқ, 51 әртісіміз бар, 2 адамнан отырғанның өзінде 25-30 бөлме қажет. Ал қазір баржоғы 6 гримерлік бөлме бар. Әртістердің киім ауыстыратын, киім ілетін, зат қоятын орындары да таршылық етіп отыр. Облыс әкімі театр салуға талап қойып отыр, қазірде оның жобасы сызылуда. Осы жоба ойдағыдай жүзеге асса көп мұқтаждығымыз шешілер еді», – дейді ол.
Нұрнияз Мұхановтың жеке шығармашылығында да, театр ұжымында да марапат, жетістіктер жетерлік. Театр директоры Н.Мұханов 3 дүркін бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты, одақтың мәдениет қызметінің үздігі, республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері, 6 медальға, Президенттің бірнеше грамотосы мен алғыс хаттары, облыс әкімінің 11-12 граматосын иеленген болса, музыкалық-драма театры халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Каир де өткен эксперименталдық театрлардың жеңімпазы, Қазанда өткен түркітілдес елдер фестивалінің, 3 дүркін республикалық фестивальдің лауреаты, 4 дүркін ең үздік спектакль марапаттарын иеленген.
Жайық НАҒЫМАШ