©
«Адай ата – Отпан тау» тарихи этно-мәдени кешенінде маусым айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шаралардың бірі «Батамен ер көгерер» деп аталады. Кешен басшылығы мен қызметкерлері киелі Отпан тауда кешенге арнайы зияраттап келген жаңа отау құрған жас отбасыларға, жоғары оқу орнына түсуге бара жатқан, әскерге аттанып бара жатқан жастарға, т.б. бата беру дәстүрін жандандырып отыр.
Бұл жолы кешенге Шетпе кентінен кешен қызметкері Нарешова Маржанның бала-келіні Ақтауұлы Бақытжан мен Ерболатқызы Ақжарқын Адай атаның кесенесі орнаған Отпан тауда бата алу үшін арнайы ат басын бұрып келіпті.
Қазақ батаға ерекше мән берген және өте қастерлеген. Қазақ халқының бата беру дәстүрі – тамыры тереңде жатқан, халық тарихымен тағдырлас, замананың талай талқысына түссе де, елдің тұрмыс салтынан өшпей, тайға таңба басқандай айқын орныққан, ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол тамаша мұрамыз. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет болып, іс-әрекеттерімізге, жұмыстарымызға жол ашып, бәле–жаладан қорғайды деген сенім халқымызда нық орныққан. Бата беретіндер көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер қариялар, от ауызды, орақ тілді ақын-жыраулар, ауызы дуалы би, шешендер, еңбегімен елге сыйлы адамдар, бармағынан бал тамған ұста, шеберлер мен құдайы қонақтар болған.
Батаның түрлері бар. Ас батасы, Сапар батасы, Нәрестеге бата, Ұлға бата, Қызға бата, Жас келінге бата, Сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза (Жарапазан) батасы, Айт батасы.
Ас батасы — ас келгенде және асты қайыру кезінде жасалады. Рамазан батасы — ораза айтта айтылатын ізгі тілек, жақсы ниет. Жол батасы — ұзақ жол, қиын сапарға аттанарда үй иесі құдайы тамақ беріп, аузы дуалы ақсақалдан бата алады т.б.
Қазақтың салт-дәстүрін негізге ала отырып жас жұбайларға сұрақтар қойылып, жастар жауап беріп, сынақтан өтті.
Қазақта ұрпаққа тәлім бере отырып, «Атаңның ботасын алма, батасын ал: ботаң өліп қалар, батадан бағың жанар» деп бата алуға аса маңыз берген. Сол жолмен жас жұбайларға бата беру рәсімі кәсіпорынның ардагері, «Мәдениет саласының үздігі», 7 ұл-қыздың әкесі, бірнеше немеренің атасы Аралбаев Данияр жастарға аталық батасын берді. Жас-жұбайлардың туыстары ақсақалға сый-сияпат жасады.
Шараға арнайы шақырылған М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншісі Марат Сапаров жас жұбайлар мен жиналған шара қонақтарына арнап бірнеше ән орындап берді.
Жомарт АЙДАРБЕК