©
Астана қаласының 20 жылдығына орай Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның «Мәңгілік ел» атты кең көлемдегі концерті өтті. Филармонияның жылдық қорытынды есептік концертіне Маңғыстау облысының әкімі мен қала халқы қатысты.
Аталған шараға филармония ұжымының барлық қызметкері қатысып, заманауи, әлемдік классика әуездерінен бөлек дәстүрлі әндер де молынан шырқалды. Мәдениет саласында он жылға жуық басшылық етіп, облысымыздың өнер жайымен толық таныс филармония басшысы Бекбол Таңатарұлы шара жайлы:
«Камералық оркестрден бөлек би ұжымдары, дәстүрлі әншілерді қосқанда қорытынды концертімізге 160-қа жуық өнер саласының қызметкерлері қатысуда. Тағы бір ескерер тұсымыз – концерттік бағдарлама Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатқаны. Жиылған халық өнерпаздардың өнерін тамашалап, рухани ләззат алып қайтады деген ойдамыз!» — деп лебізін білдірді.
Екі сағаттан аса уақытқа созылған бағдарламада елдің ықыласына бөленген өнерпаздарға облыс әкімі өз атынан гүл шоқтарын ұсынып, келешекте де мәдениет саласының тұрақтап қалмауын қадағалап тұрарын ескертіп, өнерпаздарға үлкен сәттілік тіледі.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ