Қазіргі уақытта еліміздегі басты рухани құндылықтарды айқындайтын, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХI ғасыр биігіне көтеретін, сонымен қатар ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасы кітапхана саласына да көптеген жаңа міндеттер артты.
Кітапхана – баспа шығармаларын және басқа ақпарат көздерін пайдалану жолын ұйымдастыратын ақпараттық-мәдени орта.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапхана қоры жаңа кітаптармен толығуда. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманатталып келген ұлттық сана-сезімді өшірмеу, тарихын ұлықтау, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында Мұнайлы аудандық орталық кітапханасының кітап қорына жаңадан келіп түскен әдебиеттер тізімін ұсынамыз.
«Қазақстанның 70 тарихи орны» (тарихи және географиялық орындардың суретті энциклопедиясы). Алматы. «Керемет медиа», 2017 – 224 бет.
Бұл жинаққа еліміздің тарихи және географиялық ең байырғы атаулары енгізілді. Жинақтан орын алған атаулар сан ғасырлық қазақ тарихында айрықша маңызға ие болған. Олар небір тарихи оқиғаға, кезеңге байланысты немесе ерте дәуірлерден бері ұлтқа қоныс болған қасиетті мекендер. Қазіргі Қазақстан ономастикасын қалыптастыруда бұл атауларды көшелерге, нысандарға беру жалпы мемлекеттік, патриоттық сана-сезім қалыптастыруға оң ықпал етпек. Жинақ ономастика саласының мамандарына, еліміздің тарихы мен табиғаты қызықтыратын жалпы көпшілік қауымға арналған.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Энциклопедия. Алматы.
«Алем Даму Интеграция» ЖШС, 2017 – 856 бет (иллюстрацияланған).Энциклопедия дәстүрлі қазақы (көшпелі) ортадағы қоғам, адам және қоршаған табиғи ортаның арасындағы сан-салалы қатынастардың субьектілерін, обьектілерін, сондай-ақ осы қатынастардың жүзеге асырылуы жолдары мен механизмін (ілкімді принциптері мен нормаларын) бейнелейтін этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтиды. Тиісінше олардың этнографиялық мән-мағынасы сипатталады. Энциклопедия ғалымдарға, жоғарғы және арнайы орта білім саласының мамандарына, қалың көпшілікке арналып отыр.
«Қазақ афоризмдері» Ақылой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін). Құрастырған Е.Шаймерденұлы. Астана. Фолиант, 2017 – 312 бет, суретті.
Қолыңыздағы кітап тарихи-философиялық зердеміздің көкжиегін кеңейте түсетін және ұлттық рухани болмысымызды тереңірек танып, білуге мүмкіндік беретін өзгеше энциклопедиялық жинақтар қатарына жатады. Философиялық хрестоматия ретінде пайдалануға болатын бұл туындының анасы әдебиет болса, атасы – ой. Көшпелілер ой мұхитының «құмдағы ізін» қармап, «сайдағы тасын» теру арқылы жиырма бес ғасырлық тарихи кезеңді көктей шолған ауқымды афористік антологияда қазақы философия және сөз өнерінің бірегей болмысы, өзгеше өрнегі мен терең мазмұны кең көрініс тапқан. 78 ой иесінің афористік толғамдары тақырып-тақырыпқа бөлініп, топтастырылып беріліп отыр. Оған мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен қара өлең үлгілері, халық жырлары мен жылнама жолдарынан, айтыстар мен ән мәтіндерінен теріліп алынған нақылдық орамдарды қосыңыз.
Тұңғыш рет қазақ афоризмдерінің бағзы замандардан бүгінге дейінгі әр алуан үлгілерін жинақтаған антология мәдениеттанушылар мен әдебиетшілерге, этнографтар мен философтарға, саясатшыларға, жалпы зиялылар мен студент жастарға, далалық өркениет болмысын барынша жан-жақты танып білгісі келетін һәм терең ой мен сұлу сөзге ынтық оқырманға арналған.
«Басында Қазығұрттың кеме қалған». Кітап-альбом. Б.Тасполатов. Алматы. «Аспантау», 2017 – 304 бет.
Ғылым-зерттеуші Бақыт Тасполатовтың бұл кітабына Оңтүстік Қазақстанның киелі де қасиетті орындары жайлы зерттеу мақалалары еніп отыр. Автор көне Қазығұрт бауырайындағы ежелгі жер-су атаулары, халық сан ғасырлардан бері кие тұтып келе жатқан әулиелер, тарихи тұлғалар жайлы нақты мәліметтер мен деректерге сүйене отырып баяндайды. Бұл еңбек өскелең жас ұрпақтың туған ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін оятады деген сенімдеміз.
«Уық шаншылған Ұлытау». Кітап-альбом. Құрастырушылар: Ғазиз Ештанаев, Батырбек Мырзабеков, Сара Смағұл. Алматы. «Аспантау», 2017 – 312 бет.
Бұл кітапқа қазақ елі мен жерінің біртұтас мемлекет болып қалыптасуында аса зор маңызға ие Орталық Қазақстан, оның ішінде қасиетті Ұлытау өңірінің ежелгі тарихы жөнінде, сол өлкеден орын тепкен Алаша хан, Жошы хан, т.б. тарихи ескерткіштер, кесенелер, қасиетті орындар жайлы зерттеу мақалалар жинағы еніп отыр. Ежелгі Орталық Қазақстан өңірі тарихи ескерткіштер көп кездесетін өлке. Бұл өлке ежелгі дала өркениетінің, шаруашылығының, мәдениетінің алтын бесігі іспетті.
Еңбектің қазақ елінің өткен тарихын танып, білудегі, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудегі мәні зор.
«Алтай. Алтын бесік». Кітап-альбом. Б.Бияров. Алматы. «Аспантау», 2017 – 560 бет.
Бұл кітапқа ғалым Бердібек Бияровтың кең байтақ қазақ өлкесінің қасиетті Алтай, Семей өңірлерінің аңыз бен жырға, тылсым сырларға толы киелі орындары мен қасиетті жерлері жайлы танымдық мақалалары еніп отыр.
Алтай өңірінің түркі жұрты өркениетінің қалыптасуындағы орны айрықша. Оны сол аймақта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары да нақтылай түседі. Автор осы аймақтағы қасиетті де киелі орындар жайлы нақты тарихи мұрағаттық деректерге сүйене отырып тың дүние жасаған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіпкерлікті дамыту еліміздің экономикасының дамуына жол ашады«Отырар алқабындағы қасиетті орындар». Шоқай, Сәбит Пәрменқұл. Кітапальбом. Е.Шоқай, С.Пәрменқұл. Алматы. «Аспантау», 2017 – 560 бет.
Бұл жинаққа Отырар алқабындағы қазақ тарихы үшін айрықша орны бар қасиетті орындар мен киелі жерлер, атақты тарихшылар мен ғұлама ғалымдар жайлы ғылыми-зерттеу мақалалар еніп отыр. Қазақ елінің орта ғасырлар кезеңіндегі мәдениетіне, шаруашылығына, рухани өміріне байланысты ежелгі қалалардың орнындағы қазба жұмыстары халқымыздың өткенін танып, білуге көп пайдасын тигізуде.
«Сыр ескерткіштері». Кітап-альбом. Б. Ахметбек. Алматы. «Аспантау», 2017 – 304 бет.
Бұл кітапта Бақытжан Ахметбектің ежелгі Сыр өңірінің қасиетті киелі орындары, осы өлкеден шыққан, топ бастаған от ауызды, орақ тілді айтулы би – шешендер, қол бастаған батырлар мен кесенелер жайлы ғылыми – зерттеу мақалалары топтастырылған. Әсіресе түркі әлеміндегі ірі тұлға болып табылатын Қорқыт Ата жайлы зерттеулері тың әрі қызықты.
Бұл еңбек қалың оқырман қауым үшін осы өңірдің өткені, тарихы жайлы құнды дүние болып табылады.
«Үстірттегі көненің іздері». Кітап–альбом. Б.Көшімов. Алматы. «Аспантау», 2017 – 536 бет.
Қазақ жерінің батысында орналасқан ежелгі Маңғыстау өңірінің қойнауы тұнған тарих десе де болғандай. Бұл өлкеден есімдері халық жадында сақталған би-шешендер, қол бастаған батырлар, от ауызды, орақ тілді ақын-жыраулар шыққан. Еңбектен осынау киелі де шежірелі өңірдің көне тарихы, сол өлкеден шыққан Пір Бекет ата бастаған әулиелер жайлы, осы маңда орын тепкен көне ескерткіштер туралы ғалым-зерттеуші Бибатпа Көшімованың құнды да қызғылықты ғылыми-зерттеу мазмұнындағы мақалалары орын алған.
Кітаптың өскелең жас ұрпақтың туған ел мен жерге деген перзенттік отансүйгіштік рухын қалыптастырудағы маңызы зор болары даусыз.
Кітап жалпы көпшілікке арналған. Осы және басқа да жаңа кітаптармен танысып, терең мағлұмат алғыңыз келсе, Мұнайлы аудандық орталық кітапханасына келуге асығыңыздар, құрметті оқырмандар!
Рая ИЗДЕНОВА, кітап толықтыру және өңдеу бөлімінің кітапханашысы