Немістің данышпан ақыны Гетенің «Кемпірқосақ аспанда ұзақ тұрса, оған адамдар қарауын қояды» деген жақсы сөзі бар. Қазақтың «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақалына толықтай сыйып тұрған сөздің бұл күнде мәдениет саласының қызметкерлеріне қаратылып айтылғанындай әсер қалдыратынын кім бағамдап көріпті?
2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып мерекелене бастады. Осы кәсіби мерекеге орай аудан орталығындағы мәдениет үйі ұжымына арнайы барып, жаңалықтары мен басқа да мәселелерінен хабардар болып қайттық.
Қалай ойлайсыз, ауданымыздың орталығында немесе мәдениет үйінде болатын мәдени шаралардың барлығында бірінші кімдерді көруіміз мүмкін? Әрине мәдениет саласының қызметкерлері бірінші келіп, шараның ең алғашқы дайындығынан соңына дейін жүретін жандар. Ауа райының қандай болмасын тосын сыйына төтеп беріп, жұмыстарының жақсы деңгейде өтуіне бар ынтасын салатын бұл қызметкерлердің еңбектерін әркім өзінше бағалайды. Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері атап өтетін мерекесінде мәдениет ұжымының бүгінгі күні әдеттегідей жұмыс бастылықпен өтіп жатыр екен. Өнерпаздар мен мәдениет қызметкерлерінің басын біріктіретін қасиетті орда – мәдениет үйінің жұмысын көрсеткіміз келеді деген ниетімізге ұжым директоры Жамал Раева ризашылық пейілін білдіріп, жаңалықтарымен бөлісті:
- Қазіргі заманда барлық нәрсені интернет немесе теледидар арқылы тамашалауға мүмкіншілік бар. Бұл көрермендеріміздің де талғамын биіктетіп жатыр. Адамдарды таңқалдыру қиын, еш нәрсе таңсық болмайтын кезге келдік. Ауданға қарасты Ақкетікте, Таушық, Қызылөзен және Ақшұқыр ауылдарында мәдениет үйлері бар. Заман көшінен қалмай мәдениет үйіне көрермен тартудың жаңаша үлгісін ойлап тауып, жұмысты жүргізуді қалаймыз. Ауданда 4 мәдениет үйі болса, оның жанында 44 ұжым жұмыс жасайды. Халықтық атауы бар «Қызғалдақтар» би ансамблі, «Ақжелкен» үгіт бригадасы, ұлт аспаптар оркестрі, «Айна» этнографиялық ойын-сауық отауы, «Ғажайып әлем» қуыршақ театры сынды халықтық атауы бар ұжымның саны өткен жылы «Толқын» вокалды аспаптық ансамблі және «Сәулебаевтар» отбасылық ансамблі мен толықты, - деп сөзін бастады.
Ұжымның жаңалығы деп – қазіргі кезде мәдениет үйінде өткізіліп жүрген сахналық көріністер мен драмалық қойылымдардың көптеп ұйымдастырылып жүргенін айтуға болады. Көрермендердің көңілінен шығып жүрген бұл қойылымдарды қою қаншалықты қиындық тудыратынын қарапайым біздер ойланып та көрмеппіз
– Мәдениет үйінде қойылып жүрген сахналық көріністер, драмалық қойылымдар - біздің жұмыста көрермендер тартудың бір жолы. Әр қойылымға көпшілік өз бағасын беріп жатады. «Рухани демалдық, қызметтеріңізге рахмет» деп, арнайылап алғысын айтқан адамдарды көргенде жанданамыз, балаша мәз боламыз. Мәдениет саласында жұмыс жасайтын мамандардың естігісі келетіні де осы қошеметтеу. Бірақ алғыстан гөрі басшылық тарапынан кейде сөгіс естіп, еңсеміз түсетін кездер де болады. Қойылымды қоятын кезде неден қиындық туындауы мүмкін – біріншіден, ауданда кәсіби әртістердің жоқтығы, барлық рөлдерде аудандағы мектеп оқушылары мен студенттер ойнап шығады. Екіншіден, қойылымға қажетті заттардың және үшіншіден, дайындалатын бос кабинеттердің болмауы. Жоқтан бар жасап жүрген қызметкерлердің шынын айтқанда алатын жалақылары өте аз. Жұмыс қиындығына шыдап, аудан мәдениетіне үлес қосушы ұжымыма алғысым шексіз, - дейді басшы.
Драмалық қойылым қою идеясы 2015 жылы «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық фестиваліне қойылым дауындау керек шартынан басталады. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» 2 бөлімді драмалық шығармасын мәдениет үйінің режессері Амантай Мұқанов әдеттегідей аудан жастары мен оқушыларды қатыстырып дайындайды. Қатысушылар кәсіби әртістер болмаса да осы қойылым жоғары бағаға ие болады. Содан бері аудандағы мәдениет саласының қызметкерлері де, аудан жастары да бұл үрдісті үзіп алмаудың жұмысына кіріседі. Күні кеше 9 мамыр Жеңіс мерекесінде қойылған «Күткен күн» атты шығарма көрермендерінің көзіне жас алдыртып, қошеметін аямаған қойылымның бірі болды. 20 шілде күніне «Жазығым не менің, мама?» атты драмалық мюзиклін қоюға ұжым осы бастан кірісіп кеткен.
- Жазғы маусымда мерекелік шаралар көбіне орталық алаңдарда өтеді. Мәдениет үйінің бар екенін, оның жұмысы жүріп жатқанын көрсету мақсатында осы көріністі дайындау үстіндеміз. Шығарманың осы тақырыбын алуымыздың себебі – бүгінгі күннің өзекті мәселесін ашу болса, жастардың ойлануына, олардың тәрбиесіне өзіндік игі әсерін тигізсе екен дейміз. Сонымен қатар көрермендер «Қойылым неліктен ақылы?» деп ойлауы мүмкін. Бұл қойылымнан жиналған қаражатқа келесі қойылымға қажетті дүниелерімізді сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан көрермендер дұрыс түсінетін болар. 500 теңгеге рухани азық алғыңыз келсе, мәдениет үйінің есігі сіздерге ашық, - дейді жас маман Наурызбек Мағдатов.
Тек қойылым емес, ауданның бүкіл шарасын ұйымдастырушы ұжымның артқан жүгі ауыр. Халықтың рухани талабын қанағаттандыру, тұрғындардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру, халыққа жоғары деңгейде мәдени қызмет көрсету мақсатын ұстанатын ұжым өркениет көшінен қалмай аудан халқын мәдени шараларымен сусындатып келеді. Жыл басынан бері аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты мәдениет үйлері 111 мәдени шара өткізіп, 48295 көрерменді қамтыған. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр», «Ән тербеп жүрегімді», «Күмбірлеген домбыраның сазды үні», «Пайпай, қазақтың келіндері-ай!», «Баба – ғұмыр, бала – өмір», «Ақжол саған, жас түлек», «Тәрбие басы – тарих», «Каспий көкжиегі», «Ұлттар көп, достық біреу», «Үдектің үнсіз мұнары», «Кәсібіңе басымды иемін», «Ұл ұлағаты – әкеден» сынды өте жақсы тақырыптарды көтеріп, аудан жұртшылығына қажетті тәрбиелікте, мәдени және рухани шараларды сыйлай білді. «Мәңгі Ауған соғысының жаңғырығы» атты шарасы Ауған соғыс ардагерлері мен жастардың, аудан жұртының кездесуіне себеп болып, естеліктер айтылып, бейбіт күнді қадірлей білуге шақырған күн болды. «Тарихтың ақтаңдақ іздері» 31 мамыр күнгі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу сәтіне арналды. Міне, қазақтың әр күні атаулы мерекелерге толы болса, оны әрлеушілер осы мәдениет ұжымдары, тарихи сәттердің жаңғыруына үлес қосушылар да мәдениет майталмандары.
Мәдениет үйі деп арнайы алғанымызда ондағы қызметкерлердің еңбектерін елемей кетуіміз ағаттық. Мұра Жолдыбай, Амантай Мұқанов, Рафаэль Қарғабай, Гүлнар Ідірісқызы, Қонақбай Саназаров, Жаңылхан Жұмабаева, Сәбит Отарбаев сынды мәдениет үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген майтал мандарға ел жақсы бағасын бұрын беріп қойған. Олардың ізінен еріп, тәлімін алып, мектебінен өткен жастар да осы мәдениеттің қазанында қайнап жүр. Әнші, жүргізуші, әртіс Архат Бисембаев, әншілігімен, әртістігімен, жүргізушілігімен және мәдениеттің ғана емес, бүкіл ауданның видоеконтент жасаудағы виджей маманы Қуанышбек Сабанов, Амантай Мұқанов сияқты мықты режиссер, мәдениет жанашырының қанатының астында қомдалған, шараларды ұйымдастыру, сценарий жазу, оның режис сурасымен айналысу сияқты істерді батыл алып жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар Наурызбек Мағдатов сынды жастар бар. Конферанс Жаңылхан Жұмабаева, Меруерт Ілиясқызы сынды шәкірт дайындау үстінде.
«Мәдениет - ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші - зиялы қауым. Себебі әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс — тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет — адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», - деген болатын Елбасы.
Мәдениетті дамытушы – сіздер мен біздер болсақ, аудан мәдениетіне үлес қосушы ұжымның еңбегін елеп, өнеріне шын ықылас бөлейік. Мәдениет үйінің жұмысымен таныстырдық, жаңалығымен бөлістік. Ендеше ұжымның сынын түзеп, мінін мінеу үшін емес, ең бастысы, өзімізге өзіміз рухани азық болар дүниені табу үшін көрермен залынан көрінейік дегім келеді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА