©
Ел егемендікке қол жеткізген соң Тәңірдің тарту еткен Тәуелсіздігі толағай табыстарға әкелді. Қазақ елі Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде қиын да күрделі сәттерді бастан кешіріп, талай белестерді бағындырды. Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан мемлекетіміздің саяси аренадағы бе делі биіктеп, әлемге танылса, ұлтымыздың бет-бейнесі, рухани болмысы, салт-дәстүрі де ерекше қасиетке ие болды. Соған сәйкес қазақтың мәдени мұрасы, оның ішінде Маңғыстауымыздың күй өнері өзіндік бір сипатын сақтай білді.
Соның бір айқын дәлелі – жақында ғана Таушық мәдениет үйінде өткізілген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», «Құрмет» орденінің иегері, дәулескер күйші Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған «Күй құдіреті» атты кездесу кеші. Таушық ауылының тумасы, жерлесіміз, маңғаз Маңғыстаудың дәулескер күйшісі Роза Тайманқызының күй өнеріндегі шығармашылығын көрсету арқылы, туған жердің таланттарын мақтаныш ету, құрмет көрсету, жас домбырашыларға үлгі ету негізінде өткен шараның мақсаты жұртшылыққа қазақтың күй өнерін насихаттау болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салтдәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», делінген.
Кездесуде Роза Айдарбаеваның өмірбаяны оқылып, шығармашылық жолынан слайд көрсетіліп, көрме қойылды.
Айдарбаева Роза Тайманқызы 1952 жылы 18 желтоқсанда қойнауы мәдениеттің мұрасына мейлінше бай, жер асты мұнайы байлығымен белгілі, өнерлі адамдардың өлкесі Маңғыстау облысының Қаратау бауырындағы Таушық кентінде дүниеге келген. Оның әкесі Тайман Айдарбаев – әрі күйші, әрі сазгер адам, ол 25-тей күйлердің авторы. Анасы Рахима әнші болған. Әкесінің сазгерлігі, күйшілігі, анасының әншілігі балғын Розаның өнерге деген ынтызарлығын ерте оятты. Ол 1970 жылы Гурьев қаласы қазіргі Дина Нұрпейісова атындағы музыка училищесін домбыратенор мамандығы бойынша үздік бітіріп, 1974 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына түскен. 1987 жылы Маңғыстау топырағында Қартбай, Есір, Өскінбай, Мұрат, Құлшар, Қоңыр сынды дүл-дүл күйшілердің туындыларын «Маңғыстау күйлері» деген атпен нотаға түсіріп, жеке кітапша етіп, 1990 жылы Есір Айшуақұлының туындыларынан 16 күйін жинап, «Ақжарма» топтамасын шығарған. Роза Тайманқызы – өзінің репертуарының көлемділігімен, заманауилығымен, жаңаша үрдістерімен тыңдарманын таңқалдырып жүрген күйші. Астана, Алматы қалаларында да бірнеше рет жеке шығармашылық кештері зор ықыласпен өтті.
Қазіргі таңда Роза Тайманқызы облыстық филармонияда, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінде, сондай-ақ Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің концертмейстері болып қызмет жасайды.
Аталған мәдени шарада ауыл әкімі Ш.Әзірбаев арнайы құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Сағатов, 10 жыл бірге оқыған сыныптасы Н.Советова, ауыл тұрғыны Қ.Жұмағалиева өздерінің Роза апаймен бірге болған сәттерінен әңгімелерін айтып, ыстық ықыластарын білдірді. Роза Тайманқызы Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдығына арналған күйі «Абыз аға», «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің 20 жылдығына арналған «Ақжарма-Ақжелең», Есірдің «Жалдықара» күйлерін қонақкәде ретінде орындап, көрермендерін бір серпілтті. Мектеп оқушыларының қызықтырған сұрақтарына ризашылықпен жауап қайтарып, «Балдырған», «Маңғыстау» атты өзінің күйлерін орындаған Таушық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесінің оқушыларына ақ батасын берді.
Осы кездесуде Роза Тайманқызының талантына құрметпен қарап, туған жеріне келіп, сахна төріне шығуына мүмкіндік жасалды. Сый-сияпат жасалып, қонақасы берілді.
Сөз жете алмай баратын жерге саз барады. Міне, Роза Айдарбаеваның 40 жылдан аса күйшілік өнеріндегі ұлықты ұстаздық қызметі, шығармашылық қайталанбас дара жолы осындай! Осы кеште күй құдіретінің ұрпақтар арасындағы сабақтастығы айқын көрінді десе де болады.
Жаңылсын ТАСТЕМІРОВА,
Таушық мәдениет үйінің әдіскері
Тағы оқыңыздар: Ақтауда 13 апаттық үй сүрілген