Қазақ халқының кемеңгер ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Үш анық деп ай тарлық үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деген. Бұл асыл қасиеттер өзінің алтын уақытын аямай, бойындағы барлық асыл қасиеттерін шәкірт бойына сіңіре білген ұлағатты ұстаздарға айтылса керек. Бүгінде сол адал еңбегінің жемісін көріп отырған ұстаздарымыздың еңбектерін айтпасқа болмайды.
Жуырда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында 2018 жылдың ақпан айының 23-24 күндері Ақтау қаласында «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен II республикалық «Алатау шыңы» атты байқауы өткізілді. Байқауға Маңғыстау облысының әр ауданынан көптеген өнерпаздар қатысты. Аталған байқауға Қарақия ауданының Құрық балалар өнер мек- тебінен әр номинация бойынша 53 оқушы қатысты.
Нәтижесінде «Нұр шашу» үлкен би тобы және вокалдан Әсел Есетова «Гран-при» иегері атанды. Сондай-ақ «Нұр шашу» кіші би тобы, «Snoopy» үлкен би тобы, «Дәстүрлі ән» бойынша Сансызбай Балауса және «Айбибі» қобызшылар ансамблі жеке-жеке I орынды иеленіп, әрқайсысы лауреат атанды.
Ал байқауда вокал бойынша Аңсаған Дошаева, Айым Досниязова, Сәдірбек Ақерке, Абдулмажит Нұрхаттар II орын иемденіп, лауреат атанды.
Қобыздан Қаржаубай Гүлназ, домбырадан Әлішер Сейтмұратов II орын лауреаты атанды. «Snoopy» кіші би тобы II орын лауреаты, дәстүрлі ән бойынша Диас Амантұрлы III орын, қобыздан Аманбай Жансая III орын, домбырадан Назерке Нәзілбекқызы, Машрих Ерхат III орын лауреаты атанды.
Гран-при иегерлері мамыр айында Алматы қаласында өтетін «Жеті өнер» халықаралық шығармашылық байқауына тегін жолдама алса, байқауға қатысқан әрбір өнерпазға дипломдар мен сыйлықтар сыйға берілді. Байқау соңында хореография мамандығының мұғалімі А.Смагулова, вокал мамандығының мұғалімі С.Көбесов «Ең үздік тәлімгер» дипломымен марапатталса, домбыра мамандығының мұғалімдері Б.Аяпбергенова, З.Баймағанбетова, жыр-терме мамандығының мұғалімі А.Тоқбаева, қобыз мамандығының мұғалімі А.Асалова, вокал мамандығының мұғалімдері С.Құлманов, С.Ерсайынов, хореография мамандығының мұғалімдері А.Шәріп, А.Айтуарова «Алатау шыңы» II республикалық балалар мен жастар шығармашылық конкурсында шәкірттері абыройын асқақататып үздік өнер көрсеткені үшін дипломдары мен марапатталды.
Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин «Еңбекшінің еңбегі жинап алған өнімімен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі шәкіртінің білім деңгейімен өлшенеді» дегендей, бүгінде Құрық балалар өнер мектебі ұстаздарының ерен еңбегінің арқасында өнерпаздар халықаралық «Күншуақ», «Жадыра, жас дарын», республикалық «Каспий жұлдыздары», «Алатау шыңы», облыстық «Өнерлі өрен», «Ақ шағала», «Би ырғағында біргеміз» байқауларының гран-при және жүлделі I, II, III орын жеңімпаздары атанды. Осындай мектептің ірі жетістіктерге жетуіне бірден-бір себепші болған Құрық балалар өнер мектебінің статусын көтеріп, талантты, дарынды шәкірттерді анықтап, ұстаздарға үнемі бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап жүрген мектеп басшысы Өскімбаева Амангүл Тағанбергенқызының еңбегі зор. Сонымен қатар өнерлі балапандарымызды әркез қолдап отыратын ата-аналар қауымына да алғысымыз шексіз.
А.САТҚАНБАЕВА, оқу ісінің меңгерушісі