Астананың 20 жылдығына орай Қарақия аудандық мәдениет үйінде «Арман қала Астана» атты қайырымдылық концерті болып өтті.
Мәдениет үйінің директоры Фарида Бектемірқызының қолдауымен ауданның жас өнерпаздары дайындаған қайырымдылық концертке аудандағы өнерлі жастар мен Бостан ауылының «Штат Бостан» КТА командасы және аудандық мәдениет үйінің үлгілі «Балауса» бишілер ансамблі қатысты.
Өнер биігінен көрініп жүрген ұлдарымыз бен қыздарымыздың ұйымдастырған концерті көрерменнің көңілінен шығып, әуелеген әсем әндер мен сұлу ырғақты билер ел мерейін асқақтатты. Концерттік кешті тамаша жүргізіп, көрерменге қуаныш сыйлаған Айдын Смағұлов, Астанада Оқып жүрген студент Жомарт Оразов, Ержан Әнесов сынды жастарымыз ерекше таланттарымен ел ықыласына бөленсе, «Штат Бостан» КТА командасы көрерменді күлкіге қарық қылды. Ән мен әзілдің арасында айтылған Серік Қосай, Сәуле Исақызы, Гүлнар Ермаханова бастаған аудан жастарынан құралып, сахнада жүрген өнерпаздар өздерінің өнер өресінің кеңдігін дәлелдегендей болды.
"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" дегендей жалпы бұл жолғы ұйымдастырылған қайырымдылық концерті бұрынғы өткізілген кештерден өзгеше болғандай: зал тола көрерменнің мерейі асқақтап, ерекше ықылас білдіріп зор қошамет көрсетті. Себебі концерттен түскен қаражат қайырымдылық қорына тапсырылып, ауылдағы мүжәлсіз отбасыларға немесе қолдаушысы жоқ жетім балаларға беріледі.
- Бұл тек бастамасы ғана, алдағы уақытта да осындай игі шараларды көптеп ұйымдастырып отырамыз, тек қолдаушы жанашыр адамдардың көмегі керек, - деп өнерпаз жастар ағынан жарылды.
Концерт соңында аудандық мәдениет үйінің директоры Фарида Бектемірқызы сахна төрінде өнер көрсеткен талантты жастарға алғысын айтып, шығармашылық табыс тілей отырып, аудандық мәдениет үйінің Алғыс хатын табыс етті. Ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген талантты жастарымыздың адал ісінің берекесі көп болғай! Ауданымыздың абыройын асқақтатар талантты ұл, қыздарымыздың өнері биіктерден көрініп, жас толқындар легі осындай өнерлі жастармен толыса берсін!
Н.ҚОНАЙҰЛЫ, Аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі ән, жыр-терме үйірмесінің жетекшісі
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Терең ойлы естелік-эссе