«Жолың болсын, жолың болсын, жолаушы!»...
Осылай деп шабыттана шырқайтын, жүздеген әндерімен көрерменнің патша көңілінен ойып орын алған, өнердегі қос аққу, қос бәйтеректей қатар жайқалған екі жақсы – Қанат және Айтгүл Құдайбергеновтер ауданымызға келіп, асқақ әнімен, киелі өнерімен көпшілікке рухани қуанышқа толы кеш сыйлады. «Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұраған» қос тарлан әуезді әнімен, қазақы салтымен, өнер жолын қуған ұлағатты ұрпағымен көркейіп, кемелдене түсіпті. Көпке аян әдемі дуэті, сахнаға сән беретін ұлттық нақышы, көрерменге рух сыйлайтын шалқар шабыты бар, қайраты әлі қайтпаған қос өнерпаз – Қазақстанға еңбек сіңірген әртістер. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген», «Біздің жігіттер», т.б әндерімен танымал болған ұлдары Ерболаттың өнері өз алдына бір төбе.
Құдайбергеновтер әулетінің отбасылық ансамблі құрамындағы Салтанат бүгінде кино өнерінде бағын сынауға бет бұрса, Айбол осы сапарда бірге келіп, өз өнерімен көрерменін тәнті етті. Концерт ҚР мәдениет қайраткері, актер Дархан Дайырбек жүргізіп, әдемі әзілдерімен әрледі. Құдайбергеновтерді жұрт біледі, құрметтейді. Оның үстіне ардагер өнерпаздардың концертінің сәтті өтуіне аудан басшылығы да атсалысқан еді. Дегенмен ұлттық өнеріміздің орны өз биігінде ме? Той мен шоуды жаулап алған заманауи, эстрадалық әуендер десе, ішкен асын жерге қоятын көрермен өз өнерін, киелі домбырасын қашан ғана ұлықтайды екен? Расында жанды дауыста шырқалатын дәстүрлі және халық әндерінің қадірін түсініп, қастерлей білсек, рухани жаңғырғанымыз емес пе?
Шынар КЕНДІН