Оның мінезі жайдары. Ол жүрген жер үнемі той-думан, мереке-мейрамға толы. Отағасына адал жар, немерелеріне, балаларына аяулы ананың шуақ шашқан жүзінен жер жүзі жылынып сала беретіндей. Ол мамандығын жанымен сүйеді, киелі сахнада ойнайтын образдарын шебер сомдайды. Халықтың, әсіресе жыңғылдылықтардың оған деген құрметі тым ерекше. Әлі күнге дейін алдын көрген шәкірттері қолын алып амандасып, сабақтарын сағынғандарын жасырмай айтып жүреді.
Ол - атақты ақын, ұстаз Сәду Нұрниязұлының немересі. Бадырақ көзді, бидай өңді, бұрымды, қазақ әйеліне тән биязылық, сабырлылық, әдеміліктің бәрін бойына жинаған ол - біздің бүгінгі кейіпкеріміз.
Театр - өнердің үлкені. Сондықтан онда бойында ерекшеліктері бар жандар ғана жүреді. Өнердің ауыр жүгін арқалап, сол зор жауапкершілікті сезіне білетін жандар ғана өнердің қазанында қайнай алады. Мінекей, бүгінгі кейіпкеріміздің өнер әлемінде жүргеніне 20 жылға жуық уақыт болды.
«Мен арман қуып оқуға түсе алмадым, біздің кезімізде мектепті бітіргендер бір жыл совхозға қызмет етіп, жолдамамен оқуға түсу керек болатын. Мен де сол үрдіспен он жылдық біліміммен «Қызғалдақ» жастар комсомол бригадасына қабылданып, Үстіртке қырқымға бардым, балабақшада түрлі қызметтер атқардым. Енді жолдамамен оқуға тапсырам деп тұрған жылы ойламаған жерден бір әулеттің келіні атандым. Куйбышев атындағы совхоздың 1 фермасында жолдасымның қасына көмекші шопан болдым», - дейді Ләйла.
Ибалы, ізетті келін ата-енесінің разылығымен 1997 жылы Жыңғылды ауылына отбасымен еншісін алып, бөлек шығады. Арнайы мамандығы болмаған соң ауылда жасай қоятын жұмыстың реті болмайды. Әрі сол кездері елді жаппай жұмыссыздық жайлап, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны көп еді.
Ол бір күні жұмыссыздықтың жолдамасымен ауыл клубына келді. Ескі, қабырғасы құлап тұрған клубтың майлау, сылау секілді тапсырылған істеріне білек сыбана кірісті. Жұмысынан қолы босай қалса, сахнада ойнағанды жаны сүйетін. Оның өнерге сырттай тамсанатынын клуб меңгерушісі Т.Ерманов байқап жүрді. Бір күні басшылықтан мекеменің бір қызметкері бала күтімімен демалысқа кететінін естіп, орнына Ләйлаға көркемдік жетекші болуға ұсыныс түседі. Бала күнгі арманы алдынан шыққанына қуанған ол ойланбастан «иә, иә» деп басын изей береді. Әдеттегідей жұмысына деген жауапкершілігі оны алға жетелеп, мәдениет саласының қыр-сырына әп сәтте-ақ қанық болып шыға келді. Бірақ азғантай уақыттан соң бұрынғы қызметкері қайтып келуіне байланысты жұмыстан босап қалады да, баяғыша жұмыссыздықтың атынан 6 ай сайын біресе клуб қарауылы, біресе жөндеуші болып жүре береді.
- Осы уақыт аралығында мен қызметіммен қоса мәдени шараларға қатысып тұрдым. «Сенің жұмысың емес» деп бөлектемей, ортаға тартып, өнерімді бағалаған сол кездегі аға-апаларыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызметім еленіп, жақсы нәтижеден көрінген мені басшылар 2016 жылдан бастап әдіскер етіп орналастарды. Адамның бойындағы талабы, арманы алдамайды екен. Мен бұған талай мәрте куә болдым. Осы салада жүріп жеткен әр жетістігімді қадір тұтамын, себебі ол - бүкіл бір ұжымның еңбегі, маңдай тері. Менің қызмет жолындағы басты мақсатым ауыл клубы халықтық театр ұжымы атағына жеткізу болатын, ол ойым орындалды, - дейді Л.Манарбекқызы.
Ол - көптеген сценарийлердің авторы. Маңғыстау аудандық сайыстан 1 орын алған, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романының желісі бойынша жазылған «Тұтқын бала», О.Көшбаевтың шығармаларының желісі бойынша жазылған «Асалы – Көкетай», «Қасіреттің көз жазы», «Оралмаған боздақтар» және аудандық «Есірткісіз есті әлем» байқауында 1-орын, облыстан 2-орын алған, «Тағдыр тәлкегі», «40-жылдың көктемі», «Қайта оралған бақыт», «Ақ орамал» туындылары - көптің көңілінен шыққан дүниелер.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бабалар жүрген ізбенен…Оның бұл жеңісі, еңбегі еленбей қалған емес. Әр жылда Маңғыстау ауданы басшысы болған Қ.Сейілхановтың, Ж.Албытовтың, 2016 жылы Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаровтың, 2017 жылы Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Б.Базарбаевтың мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатының иесі. Ұшқыр ойы мен қиялын қаламына ұштастыра білген ол «ең үздік сценарист», «ең үздік әдіскер» деп танылды.
Ауылда театр саласын бітіріп келген арнайы маман жоқтың қасы. Әр мекеменің өнерге деген икемі бар қызметкерлерін жинап, оларды үйрету, өнерге баулу - Ләйланың жанын беріп жасайтын жұмыстарының бірі. Бүгінде өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп жүрген ол Ж.Телбаева, Т.Жылқайдар, М.Тұрым, Ә.Игібай секілді ауданға белгілі өнерпаздарды тәрбиелеп шығарды. «Еңбек ептілікті сүйеді» деген осы шығар.
Жаны поэзияға жақын, ақындық өнерді қоса арқалап жүрген оны 21-мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесімен құттықтаймыз. Әр шаруаның ебін тауып, қалың жұртқа ақжарқын мінезімен, абыройлы еңбегімен танылған оған еңбегіңіз жанып, қуанышты күндеріңіз көп болсын дейміз.
Айгүл РАХМЕТОВА