Ой, ғажап!.. Бір үн... бір ың... Ағаш таяқтың бауырына керілген екі тін. Балдырған бала саусағым тиіп кетсе, дың етеді. Мені елітіп өзіне ертіп кеткен осы үн... Күндіз-түні қолымнан тастамадым.
Бұл үн домбырадан шыққанмен, оның арғы түбі алыс екен. Кейін түсіндім, оның қайнар көзі тіпті тереңнен екен. Себебі тарих торабында сансыз бабалардан қалған саз. Олар тірлік жолдарымен кете берген, кете берген, домбырадан үнді төге берген, төге берген. Келер ұрпақтарға бере берген, бере берген. Сәтекең, Сәттіғұл ақын айтқандай «Соларға ғапыл бұл заман біздерге қалып тұрғаны-ай!». Біздер кеткенде де дәл солай болары хақ.
Домбыра құдірет жарық дүниеге қашан келген еді?.. Қазақ қазақ болғалы келген «Нағыз қазақ – домбыра» дегеннің төркіні сонда жатыр.
Ал домбыраның шығуы, жасалуы жөнінде аңыз көп.
Тәңір бір әдемі құс жаратыпты. Оның аталығына оң қанат, аналығына сол қанат, екеуіне бір-бірден беріпті. Бірақ олар ұшуға жаралған болса да, қанша талпынғанмен ұша алмаған. Сыңар қанатпен қалай ұшсын. Бір күні екеуі иық тірестіріп, қанаттарын қатар қағысып, ұмтылғанда көкке көтеріліп кетіпті. Соны көрген бір шебер қатты таң қалған. Себебі ол домбыраға тек бір ішек тағып, шіңкілдетіп отыр екен. Ах, жұп болғаны жақсы екен-ау! Бір ішектен дұрыс үн шықпай отыр еді. Тамаша деп қуанып, екінші ішекті таққанда домбыра шіркін сұңқылдап сөйлеп кеткен. Міне, содан бері бұл домбыра дүниені әрлендіріп, қазақтың көңілін нәрлендіріп, сайрап келеді.
Парласқан екі ішектің де аңыздары жетерлік.
Бірде аң аңдып жүрген мерген тау, тас, шатқалдың арасынан бір арқарды атып алады. Сөйтіп ауылға апарайын деп дайындаған да ішек-қарнын ақтарып, далаға тастайды. Ішегін лақтырғанда ағаштың бұтағына ілініп, керіліп қалады. Аңшы оған мән бермей, кете береді. Біраз уақыт өткеннен кейін аңшылық жолымен әлгі шатқалға тағы келеді. Жақындағанда-ақ бір тылсым ызың естіледі. Бұл не деп қараса, баяғы тастап кеткен арқардың ішегі ағаштың бұтақтарына екі желі болып тағылып, әбден кепкен желмен үн етіп тұр екен, дейді. Аңшы ішекті жинап, үйіне әкеледі. Бір ағашты кескілеп, добарлап, өзінше аспап жасайды да, әлгі ішекті екі қатар етіп тағады. Астына тиянақ (кейін «тиек» аталады) қойып, қағып қалса, о, ғажап, керемет дыбыс шығады.
Құрметті көрермен, біз сол бір ықылым заманда аспаптың алғашқы тұрпайы түрінен бір дыбыстың шығуы жөнінде аңызға айналып, бізге жеткен болжамды пікірлерді айтып отырмыз. Ал оның сұлу да, сүйкімді кәдімгі домбыраға айналып, құлпырған күйлер төгуі сан ғасырлардың қатпарында жатыр. Тіпті Қазақ хандығы құрылмай тұрғанның өзінде жеке-жеке рулар өз саз құралын ұстанып, күмбірлеген күймен жүрген. Белгілі өнер зерттеуші түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубаев Алтай тауы сілеміндегі бір үңгірден табылған домбыра тектес саз аспабы туралы айтады. Оның екі ішегі, тоғыз пернесі болғанын келтіріп, үңгірде қалай сақталғанын әңгімелейді.
Домбыра нұсқаларының табылуы біздің заманымыздың V-VIII ғасырларын меңзейді. Көріп отырсыз ба, бұл бізге исламның келуінен көп ерте. Ел ол кезде Тәңірге сиынып, домбыраға сүйініп жүргені хақ. Жоғарғы аспан немесе «Көк Тәңірі» ұғымы «күй» деген сөзбен мағыналас. Ескі жазбаларда бұл сөз Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат аттүрк» деген ХІ ғасырдағы кітабында «Куг – күй, саз дегенді білдіреді» делінген. Мінеки, исламды уағыздаушы дүмшелердің домбыраға қырын қарауы содан. Себебі халықты дінге еліктету үшін домбырадан, күйден бөлектету керек еді. Кезінде олардың сазайын берген Қашаған:
Атамыз Адам пайғамбар Жеті сазбен жерге кеп, Күй шертіпті деген бар Ол күндегі ол да саз, Бұл күндегі бұл да саз Сазды «күнә» деп жүрген, Молдеке, сенің ақылың аз, – демеп пе еді. Пірәдарлар мың толғау уағыздарын сапырып жатқанда саз, аспап жөнінде жақ ашпайды. Неше алуан Құран әйеттерін, сүрелерін нақыш қа келтіріп оқып отырған да Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батырының» әуеніне салып, сарнап отырған дарын өздері байқамайды.
Күй өнері – бүкіл қазақ сахнасына кең жайылған ортақ дүние. Аймақтардың тарихи, мәдени және жерлік ерекшеліктеріне, аспапта орындау әдістеріне байланысты жеті мектеп болып қалыптасқан. Олар Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Батыс, Маңғыстау күйшілік дәстүрлері болып аталады.
Ертедегі көне түркілік дәуірлердің сарынын желдірген 60 тараулы «Науайылардың» қазіргі бізге жеткен алтауы – «Қарт Науайы», «Бала Науайы», «Шар Науайы», «Қақталы Науайы», «Тамшы Науайы», «Тел Науайы» және басқа ноғайлы саздары сол көненің көзіндей. Теңдесі жоқ аңыз күйлер – «Ақсақ құлан – Жошы хан» (төрт күй), «Нар идірген» (үш күй), керемет айтыс күйлер – «Үш ананың айтысы» (бес күй), «Құлшардың кемпірмен, қазбен тартысы» (бес күй), «Өс кенбайдың түрікмен Құлбай бахшымен тартысы», негізінен Маңғыстау еншісіндегі құндылықтар. Ал Есір Айшуақұлының Көк Төбеге сапары – өз алдына бөлек дүние.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Былғары қолғап шеберлері күш сынадыДомбыра күйлері орындалу ерекшеліктеріне, күйдің құрылымына қарай төкпе және шертпе деп екіге бөлінеді. Бұл өзеннің екі ағысындай. Бірі – жайбарақат жайлы әдемі ағыс, екіншісі – екпінді, тегеурінді сұлу ағыс. Осы екі ағыс бір арнаға құйылып, ұлы қазақ елінің сәулетті сарқырамасын құрайды. «Ел» продюсерлік орталығының басшысы Ғалым Доскен ініміз осы идеямен «Телағыс» деген кино түсірді. Телағыс деп отырғаны – төкпе мен шертпенің ағысы. Осы екі өнердің өкілдері біздерді – Сержан Шакрат пен Дәулетбек Сәдуақасовты кейіпкер етіп алды. Дәулетбек екеуміз бір енені емген тел қозыдай болып көріндік. Айта кетейін, мақтан емес, Астанадағы бір концертке осы екеуміздің қатар күй тартқанымызды көруге Президентіміздің әдейі келгеніне куә болған әріптес жолдастарымыз баршылық.
Бұл екі ағыстың бір ерекшелігі домбыраларында: төкпе күйдің домбырасы қозықұйрық қауақ та, ал шертпе күйдің аспабы – жатаған жалпақша қалақ домбыра. Қазақтың домбыра өнері ХІХ, ХХ ғасырларда өзінің шырқау шыңына көтерілді. Керемет дәулескер дүлдүлдер – Құрманғазы, Абыл, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Байсерке, Есір, Есбай, Құлшар, Өскенбай, Әлшекей, Мәмен, Түркеш, Сейтек, Дина, Сүгір т.б. күйші-сазгерлер қазақтың күй өнерін аса биік мәртебеге жеткізді. Бұларға дейінде нелер жүйріктер өткен. Олардың атақтары тарихтың қалың қабатында ұмыт болған, өкінішті-ақ.
Қазіргі кезде дәстүрлі өнердің айлағы тарылып барады. Сахналар да, теледидарда қиқусиқу жеңілтек, көбелек көріністер көбейіп кетті. Жастарды ырдудырду, батыстық айқай-шуға тартып, тәрбие мәйегі бұзыла бастады. Әсіресе, домбыра жетімсіреп шет қақпай көріп жүрді. Мен осы жөнінде «Ана тілі» газетінде «Домбыраның сәні кетіп бара ма?» деген мақала жазғанмын (№34 4.09.2016ж). Орталықта «Домбырашылар одағын» құру туралы мәселе көтердім. Әзірше бұған мән беріле қойған жоқ.
Міне, сөйтіп жүргенде жарқ еткен жаңалық көңілімізді көкке көтерді. Құрметті Президентіміз «Ұлттық домбыра күнін» жариялап, жарлыққа қол қойды. Бұдан артық қуаныш болар ма?! Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір рахмет!
Мен Елбасының домбыраны аса қастерлеп, жақсы көретінін біраз жерде сезгенмін.
Ертеде Маңғыстауға бір келгенінде «Абай» мәдениет сарайында халықпен кездесіп, жақсы көңілді кеш өтті. Ол көпшілікке керемет сөздер айтып тұрды да, менің қолымдағы домбыраны көріп, «бере тұр» деп ишарат жасады. Домбыраны алып, шалып-шалып жіберді де, ұмытпасам, «Жақсы екен көз көрген» деген әннің бір куплетін шырқап жіберді. Ой, тамаша! Халық риза болып, ду қол шапалақтады. Оның біршама жақсы тартатынын тек мен емес, жұрттың бәрі естіді. Менің сол домбырам қазір «Президент тартқан домбыра» деген статуспен үйімізде сақтаулы тұр.
Тағы бір келгенінде 13-шағынаудандағы кемеге ұқсайтын ғимаратта ел азаматтарымен кездесу өткізді. Бағдарлама бойынша маған сөз ұсынылды. Қысқаша ғана сөзімді аяқтай бергенімде Елбасы маған тосыннан сұрақ қойды: «Домбыраң қайда? Күй тартпайсың ба?» дегені. Мен сасып қалдым, хаттама бойынша домбыра тарту деген жоқ. Жұрт қыран-топан күліп жатыр. Қап, әйтпесе, сол жерде қадірменді басшыға бірекі күйді боздататын едім-ау! Ол бұрын да мені сахнадан, не теледидардан көрген шығар. Менің домбырашы екенімді біліп, әзілдеп жатқанына риза болдым.
Міне, Президентіміздің саялы саясатының арқасында қазақтың қасиетті қара домбырасының мәртебесі биіктеді. Енді шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күн». Бұл күн – тек домбыраның, домбырашылардың ғана күні емес, бүкіл халықтың күні. Домбыраны тартпайтын, оны сүймейтін қазақ бар ма?
Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын! Қанеки, домбыраны бір шалқытайықшы!
Сержан ШӘКІРАТ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының құрметті азаматы