Биылғы маусым айында Астана қаласының «Жастар» кешенінде әр түрлі жанрды қамтитын І Халықаралық «Worldart» балалар мен жасөспірімдер байқауы өтті. Оған Ресейдің, Қырғызстанның және Қазақстанның әр өңірінен келген шығармашылық ұжымдар қатысты.
Осынау өнер додасына біздің облысымыздың орталығынан "Абай" мәдени-демалыс кешенінің «Радуга» балалар шығармашылығы студиясы жанынан құрылған «Улыбка» би мектебі аттанған болатын. Бұл ұжым сын сахнасында «Эстрадалық би» аталымы бойынша өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, жерлестеріміз 7-15 жас аралығындағы қатысушылар (аралас категория) арасындағы сайыста Бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ 12-15 және 5-7 жас аралығындағы балалар арасында да оза шауып, әрқайсысынан 1 орынға шықты. Сөйтіп, аталмыш ұжымнан бақтарын сынған 48 тәрбиеленушінің барлығы олжалы оралды. Ал әділқазылар алқасының мүшелері «Улыбка» би мектебінің би билеудегі асқан шеберлігін, костюмдерінің ерекшелігін және ұсынылған нөмірлердің басқалардан өзгеше екендігін бірауыздан атап өтті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА