«Сөз бен саз» телехабарының қорытынды концерттері көрермен қауымның көп қызығушылығын тудырып, жергілікті ақын, сазгерлер шығармаларымен жұртшылықтың жақын танысуына жол ашты.
Осы уақытқа дейін 2 жылдың ішінде 87 сазгердің шығармашылығын Маңғыстау жұртшылығына танытып үлгерген аталмыш жобаның жүргізушісі мен ұйымдастырушысы өнернасихатшысы Бердіхан Әлменнің еңбегін атап өтуге тұрарлық.
- 2016 жылдың 1 қазанында жергілікті елге жақсы танымал, талантты сазгер Талғат Атшыбаев қайтыс болды. Сонда Баймұрат Жолдасбаев деген ағамыз: «Біз сазгерлерді тірісінде қадірлеп, құрметтей алмаймыз. Осылай кете береді» деген өкінішті ой айтты. Сол сөз маған әсер етті де, осы істің соңына түстім. Ақыры осы істің жолында қызметті де қойып, тек шығармашылыққа бет бұрдым. 2 жылдың ішінде 9 кеш ұйымдастырдық. Оның 2-уі Есенбай Құли мен Әсет Ақмырзаевтың жеке концертіне арналса, қалған 5-еуі халық арасында жақсы танымал әндердің авторларына арналды. Оның ішінде, осымен 2 жыр кеші өтіп отыр. Оның біріншісі тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты 2016 жылдың 3-7 желтоқсаны аралығында «Алтынды орда – ұран жыр!» тақырыбымен 25 ақынның шығармашылығын насихаттаса, екіншісі, ел ішінде атағы көп танымал емес 38 ақынның шығармашылығын насихаттап отырған жыр кеші. Бұл шараны өткізуге облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы мен облыстық теледидар қызметкерлері атсалысты, - дейді Бердіхан.
Әр 15-20 сазгердің телехабарынан соң, «Сөз бен саздың» есептік концерті өтіп тұрады. Белгілі әннің сөзі мен сазын жазған шығармашылық иелерін көрермендерге әуелі эфир арқылы танытып, соңынан халықпен сахнада жүздестіретін жобаның облыс аумағынан тыс жерлерде де танымалдығы жоғары. Хабарға қостанайлық 2, шымкенттік -13, қызылордалық – 1, атыраулық – 1, алматылық – 4 , ақтөбелік – 1, жамбылдық – 1, семейлік - 1 сазгердің қатысуы соны білдіреді.
Облыстық оқу-әдістемелік орталығының залында жыр сүйер қауым ескерусіз қалған 38 ақынның жырын тыңдап, сусындады. Жыр кешіне жер-жерден келіп, ақынның ұрпақтары қатысты.
- «Сөз бен саздың» 9 концертін бұрын аты шығыңқырамай жүрген ақындардың жырына арнап отырмыз. Жыр кешін Жақсылық Елеусіновтен кейінгі ақсақалымыз Жеткізген Сейітов ашыды, - деп жариялады жиылған көпшілікке кештің жүргізушісі Бердіхан Әлмен.
«Шәйтімнің 80-мен айтысы» деген жырды айтып берейін деп, Жырда жасы келген ақын Шәйтім Мұңайтпасұлы жас күнінің өтіп кеткеніне назырқап, 80 жасымен айтысады,-деп бастады сөзін Жеткізген жыршы. Студент Жарас Шалабаев Бөкен Досекен Нұрғазыұлының «Жұт қоянның зарпынан» термесін орындаса, Майлан Нәби Нұрқасымұлының Ұлы Отан соғысында қайтыс болған ұлы «Айназарға арнау» ұзағырақ жоқтауын белгілі жыршы Ұзақбай Сахиев толғады.
Би, батырлығымен қатар ақындығы болған Иса Тілембайұлының өсиет өлеңдерін Темірбек Асқанбаев орындап, жаңаөзендік Арғын Бисен Өткілбай Ұзақбайұлының «Елге сәлем» және Есенғали Бөкенбаевтың «Бірінші назым» термесін көпшілікке ұсынса, мұнайлылық Бердібай Тойғұлиев иранға ауып кеткен Жарылғап Байбарақұлының «Сұрқыл заман» жырын толғады.
Рет-ретімен көпшілік алдына шығып, тыңдаушыға бұрынғы ата дәстүрімен жырын жеткізген өнерпаздар сахна төрінен орын алды. Аманбек Сәуірбайұлы өз әкесі Сәуірбай Оразбектің «Сөз басы» термесін, Орынхан Қазиев Нұрымшат Ізбасарұлының иран ауған қазақтың жыр-толғауын, Орысбай Жаймағамбетұлының «Ағайынға», «Туған жер» жырын Бекенжан Советов, Абыл Тілеуұлының «Балдай қызды ұзатқанда» термесін Мұратбек Қадырбаев, Балдай Көшкінқызының «Балдайдың қоштасу термесін» Ақмарал Ерімбетова, БәйімбетТелеуұлының «Насихат сөзін» Әлібек Тоқтасынов, Өсербай Сәрсенбайұлының «Толғауын» автор, Мұрат Өскінбаевтың «Байжан батырға» арнау жыры мен Өришан Дарханұлының «Айдалып бара жатып айтқанын» Болат Бисенқұл, Ізтілеу Ырымбекұлының «40 ақынды Құрымға» арнауын Серік Темірхан, Есмағамбет Мекеұлының «Ит жұты» жырын Ақылбек Өтешов, Амандық Көмековтің «Арнау» термесі автордың орындауында, Өмірзақ Қалбаевтың «Адай жайсаңдары» жырын Айтбай Басбаев, Ізбан Масақбайұлының «Көкмойнақтың үйірі» толғауын Жігер Бектұрған, Естерек Жаманбаевтың «Төрекенге арнауын» Несіпбай Домбаев, Ізбас Есімұлының «Бұл дүнияда кім қалған?», Аманқос Садықов, Зайыр Мектепұлының «Толғауын» Жақсыбек Барлыбаев, Қисықбас Ғафурұлының «Қалам алып хат жаздым» термесін Орынжан Селбаев, Қойбас жалбырұлының «Тойбастарын» Оңдасын Қалқан, Түйте Өтесбайұлының «1931 жыл. Елмен қоштасу» Жақсыбай Құлымтанов, Көкен Төлепбергенұлының «Сәттіғұлға жолдаған хатын» Сәбит Шектібаев, Айтқұл Шыманұлының «Тұтқында» шығармасын Бақдәулет Толыбекұлы, Сәду Төлеуұлының «Дүркін, дүркін, дүркін-ді...» толғауын Қармыс Разбаев орындап, жиылған жұртты жыр кәусарымен сусындатты.
Жыр кешін қазіргі көзі тірі жыршылдардың ақсақалы Жақсылық Елеусінов «Арнау» жырымен соңынан ерген жас өнерпаздарға батасын берумен аяқтады. Өнерпаздар өнеріне риза болған жырсүйер қауым оларға орнынан тік тұрып қошемет көрсетті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58247,58248,58249"]